ТҮРКІСТАН: Арыста заңсыз жұмысынан қуылған азаматша сот шешімімен қызметіне қайта кірісті

0
2 377

Арыс қаласындағы медициналық мекемеде жиырма жылға жуық уақыт тазалықшы болып істеген Роза Жақсылықова заңсыз жұмыстан қуылған. Алайда, сот шешімімен қызметіне қайта оралды.


ТҮРКІСТАН: Арыста заңсыз жұмысынан қуылған азаматша сот шешімімен қызметіне қайта кірісті

Сот шешімімен жұмыстан заңсыз шығарылғандығы дәлелденген тазалықшы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановтың және Арыс аудандық сотының төрағасы А.Ертаевтың атына алғыс хат жолдаған - ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысының Арыс қаласындағы медициналық мекемеде жиырма жылға жуық уақыт тазалықшы, яғни санитарка боп жұмыс істеп келген Роза Жақсылықова жұмысынан еркінен тыс босатылғандығын айтып, әділдік іздеп біраз құзырлылардың есігін қаққандығын айтады. 2017 жылдың 21 қыркүйегінде науқастың біріне қатысты келеңсіз жәйттен кейін бөлім меңгерушісі тазалықшыға қызметіне сай еместігін айтып, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып беруін талап еткен.

"Әйтпесе, жұмыстан баппен шығып кетемін деген үреймен өз еркіммен кету туралы өтінішті жазып бердім. Бірақ кеткім келмегені, нәпақа тауып отырған, жиырма жылға уақыт еңбек етіп келген ұжымнан айырылғым келмеді"-дейді Розаның өзі.

Алты баласының несібесін тазалықшы боп тауып келген Роза Жақсылықова облыстық еңбек инспекциясына, өзі еңбек еткен медициналық мекеменің бас дәрігеріне көмек сұрап барған. Алайда түк шықпаған соң сотқа жүгінген.

"Менімен бірге тағы үш әріптесім жұмыстан дәл мен құсап кетуге мәжбүр болған еді. Бірақ сотқа жүгінуге тайсалады. Қайта оралған күнде де тыныштық бермейді деп жүрексінгені де бар. Заңнан хабарсыз болсам да адвокат жалдап сот құзыретіне әділдік іздеп бардым. Үмітім ақталды. Күдігім мен күмәнім де болғанын жасырмаймын. Бірақ аудандық соттың судьясы Мекембай Гүлмираның турашылдығына тәнті болдым "-дейді ағынан жарылған көпбалалы ана Роза Жақсылықова.

Арыс аудандық сотының шешімімен Роза Жақсылықова емдеу мекемесінің тазалықшысы жұмыс орнына қайта оралып, мәжбүрлі жұмыссыз жүрген уақытындағы жалақысы өндірілген. Сот ұйғарымымен келіспеген екінші тарап облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым келтірген. Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бастапқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырып, екінші тараптың арызын қанағаттандырусыз қалдырды.

"Құқықтық сауаттылығым шамалы мен үшін сотқа жүгіну оңай болған жоқ. Соңғы үмітім сотта болды. Басқа жұмыс табу да оңай шаруа емес. Облыстық соттың апелляциялық алқасы өзгеріссіз қалдырғанда қатты қуанғанымнан жылап жібердім. Жұмыстан еркінен тыс қуылып, тауы шағылғандарға таусыла бермей, өз құқықтарын қорғау үшін ұмтылу керек деп айтар ем. Риза болғаным соншалықты ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановтың және Арыс аудандық сотының төрағасы А.Ертаевтың атына алғыс хат жолдадық"-дейді 48 жастағы көпбалалы ана Роза Жақсылықова.