ТҮРКІСТАН: "Астана моторс" мақтааралдықтарға үй жиһазын сыйлады

0
882

Өргебас ауылына келіп, құрылыс жұмыстары аяқталған бірнеше үйге таратылды.


ТҮРКІСТАН:

"Астана моторс" компаниясы мақтаарал тұрғындарына үй жиһаздарын сыйға тартты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздегі алпауыт брендтердің бірі "Астана моторс" компаниясы Мақтаарал ауданындағы су басқан Өргебас және Фирдауси ауылының тұрғындарына жалпы сомасы 50,5 миллион теңгені құрайтын 426 жинақталған үй жиһаздарын сыйға тартты.

Бүгін үй жиһаздарының алғашқы легі Өргебас ауылына келіп, құрылыс жұмыстары аяқталған бірнеше үйге таратылды. Қайырымдылық іс-шарасына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, аудан әкімі Бақыт Асанов және компанияның бас директоры Бекнұр Несіпбаев қатысып, тұрғындарды үлкен қуанышқа бөледі.

"Ауданымызға келген қиыншылықты жеңуге көмектесіп, демеушілік жасап жатқан кәсіпкерлеріміз өте көп. Міне, бүгін еліміздегі брендтердің бірі "Астана моторс" компаниясы су басқан Өргебас және Фирдоуси ауылдарының тұрғындарын үй жиһаздарымен қамтамасыз етуде. Ол үшін компанияның басшылығы мен ұжымына аудан тұрғындарының атынан шын жүректен алғыс айтамын",– деді аудан басшысы Бақыт Насырханұлы.

Жинақталған үй жиһаздарын отандық "Диана 3Д" кәсіпорны өндірген. Екі кісілік кереует, айнасы бар үш есікті шкаф, кереует жанында тұратын 2 тумба және матрацтан тұратын жинақталған жиһаздың жалпы құны 118 600 теңгені құрайды.

"Мыңдаған адамдар кенеттен үйлерінен және толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды деген қайғылы хабар бізді қатты алаңдатты. Бүгінгі таңда су басқан ауылдардағы өмір мемлекет пен жеке қаражаттардың есебінен қайта қалпына келтірілуде. "Астана Моторс" өз кезегінде қаражат бөліп, жаңа үйге қоныстанушыларға үй жиһаздарын тарту етуде. Бұл - су апатынан зардап шеккен әрбір отбасы үшін жаңа бақытты оқиғаның бастамасы болсын!"- деді, компанияның бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы "Сардаба" су қоймасының апатқа ұшырауынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды су шайып кеткен болатын.