ТҮРКІСТАН: Байланыс операторларының станциялары жаңартылды

0
1 400

«NanoTech» ЖШС облыс көлемінде 70-ке жуық ауылдық елді мекен тұрғындарын интернетпен қамтыды.


ТҮРКІСТАН: Байланыс операторларының станциялары жаңартылды

Түркістан облысында Қазақстанда алғашқы алғаш рет талшықты-оптикалық интернетті пайдалану жобасы іске асырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында Қазақстанда алғашқы алғаш рет «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша талшықты-оптикалық интернетті пайдалану жобасы іске асырылған. Жыл басынан бері осы механизм арқылы жеке инвестор «NanoTech» ЖШС облыс көлемінде 70-ке жуық ауылдық елді мекен тұрғындарын интернетпен қамтыды. Келесі жылы 30 мыңға жуық тұрғын үй, яғни, 150 мыңға жуық тұтынушы осы тәсіл арқылы интернетпен қамтылмақ. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің аппарат отырысында айтылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірді цифрландыру бағытындағы жұмыстармен танысып, тиісті басқарма басшысының есебін тыңдады.


Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтың айтуынша, өңірде ғаламтормен қамту, цифрландыру бағытында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Биыл облыста «Кселл» акционерлік қоғамы тарапынан 58 елді мекен мобильді кең жолақты ғаламтормен қамтылды. Сонымен бірге қолданыстағы 2G және 3G станцияларын 4G-ге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, «Кселл» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 22 базалық станциясын 4G-ге ауыстырса, Түркістан қаласында қосымша 3 жаңа станция орнатып, 6 станцияны 4G-ге ауыстырды. «Билайн» байланыс операторы 30 станциясын 4G-ге ауыстырса, «Tele2» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 214 станциясын 4G-ге ауыстырған. Республика бойынша тұңғыш рет Түркістан қаласында бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылған.


«Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жұмыс нәтижесінде Түркістан қаласында «Smart city» жобасы 2 кезеңмен жүзеге асады. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Жоба жүзеге асса, қаладағы көптеген салалар цифрланып, тіршілік жеңілдей түспек.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыстағы 943 мектептің 563-і облыстық полиция департаментінің жедел бақылау орталығына шығарылды. Бұл жұмыстар жалғасады.


Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы көтерме-тарату орталығының цифрлық платформасы әзірленді. Бұл – жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді біріктіру үшін құрылған бірегей отандық маркетплейс. Платформа барлық өндірушілерді бір алаңда байланыстырады. Саладағы жұмыстарды саралаған Өмірзақ Шөкеев елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмысын жандандыруды, цифрландыру бойынша жобаларды сапалы атқаруды тапсырды.