ТҮРКІСТАН: Белбеу күресінен Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

0
757

Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.


ТҮРКІСТАН: Белбеу күресінен Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

Өзбекстанның Наманган қаласында белбеу күресінен өткен Әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өзбекстанның Наманган қаласында белбеу күресінен өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлері Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің қабылдауында болды.


Дүниежүзілік дода қыркүйек айының 8-11 күндері аралығында өтті. Тартысқа толы сайыста түркістандық Айдарбек Тоқтарбек 100 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, қыздар арасында Айнұр Ақжігітова 66 келіде, Гүлзира Құдасбек 58 келіде қола жүлдеге қол жеткізді.


Көк туымызды желбіреткен спортшыларды облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының Құрметті президенті, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев құттықтап, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі. Шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы балуандар мен бапкерлері Жақыпбек Қасымбеков пен Әбсадық Халиллаевқа Алғыс хат ұсынып, сый-сияпат табыстады.


«Жүрегі елім деп соққан рухты спортшылармен мақтанамыз. Ерік-жігерді бойға жинап сыннан сүрінбей өткендеріңе алғыс білдіремін. Спорт әлемінде тау тұлға деп атайтындай есімдеріңді таныта беріңдер», - деді Әбілсейіт Оразақынұлы.


Айта кетейік, спортшылар Түркістан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің сайыпқырандары. Чемпиондар мектебі атанған спорт мекемесі үздіктерінің жолын жалғаған ізбасарлар.