Жылдар бойы көгілдір отынға қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Ордабасы ауданындағы үш ауылға табиғи газ жеткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ордабасы ауданындағы Қараспан және Бөржар ауылдық округтеріне қарасты Батыр ата, Бірлік, Жамбыл ауылдарына газ жетті. Жылдар бойы көгілдір отынға қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Игі шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков арнайы қатысып, құттықтауларын жеткізді.
1300-ден астам тұрғыны бар Батыр ата ауылына газ тарту жұмысы 2020 жылы басталған. Онда 244 абонент бар. Ауылға тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 19,039 шақырымды құрайды. Ал Бірлік пен Жамбыл ауылдарының тұрғындары да көгілдір отынды ұзақ күтті. Бүгінде қос ауылдың халқының саны 2300-ден асып жығылады. Онда 332 абонент бар. Жалпы тартылған газ құбырының ұзындығы 27 шақырымнан асады.
Айта өтейік, аудандағы 57 елді мекеннің 19-ы газбен қамтылған. Бұл аудан тұрғындарының 38,2 % -ын құрайды. Маусым айында Қараспан, Бейсен, Мақташы және Ақжол ауылдарына газ беру жоспарланып отыр. Одан бөлек 10 елді мекенді газдандыру жұмыстары қыркүйек-қазан айларында аяталады деп күтілуде.
Шара барысында газ мамандары тұрғындарды табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті.