ТҮРКІСТАН: Биыл 654 мың тонна өнім экспортталды

0
854

Ірі қара мал етін экспортау бойынша республикада 1- орынға ие.


ТҮРКІСТАН: Биыл 654 мың тонна өнім экспортталды

Түркістан облысында биыл 654 мың тоннан ауылшаруашылығы өнімдері экспортталған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы экономикасының басты тірегі – ауыл шаруашылығында 235,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7%- ды құрады. Әлемде орын алған карантиндік режимге қарамастан, өңірде жалпы 654 мың тонна өнім экспортталып, табыс көлемі 70,0 млн.АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті елу екінші сессиясында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті. Облыс әсіресе ірі қара мал етін экспортау бойынша республикада 1- орынға ие.

Экспорт табысын жыл соңына дейін 97,2 млн.АҚШ долларына жеткізу жоспарлануда. Облыста, сондай-ақ, егін шаруашылығының егіс көлемі 846,1 мың гектарға жеткізіліп, 17,0 мың гектарға артқан. Қарқынды баулардың көлемі 3,7 мың гектарға жеткізіліп, жүзімнен 100,0 мың тонна өнім алынды. Жаңадан 2,4 мың гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, жалпы көлемі 20,0 мың гектарға жетті. Диқандар тамшылатып суару жүйесінің тиімділігі арқасында өнім көлемін арттырған.

Облыста сонымен қатар инвестициялық субсидия бағдарламасы жаңа бағыттағы жобаларға ірі инвесторлар тартуға оңды ықпалын тигізуде. 2019 жылы 1 524 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілсе, биылғы жылы 7 айда 6,0 млрд.теңгеге 1433 жобаға қолдау көрсетілген.

Өмірзақ Естайұлы облыста ауыл шаруашылы саласында үш басым бағыт қолға алынғандығын атап өтті. Әсіресе, жаңбырлатып суғару әдісі мен азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы және үй іргелік шаруа қожалықтарын дамытуға аса ден қойылып отыр.

Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы аясында 31,7 млрд.теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобалар іске асырылуда. Алдағы уақытта қала аумағында 1458 шаруа қожалығын 9 кооперативке біріктіру арқылы 11,0 мың га алқапқа жаңбырлатып суғару машиналарын орнату жоспарлануда.

Бұл алқаптардан алынған жоғары сапалы мал азықтық өнімдермен (бидай, жүгері, жоңышқа) белдеудегі келесі ірі инвестициялық жобалардың сұранысы қанағаттандырылып, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылады.