Сұрақ-жауап түрінде ой бөлісіп, пікір алмасты.
Түркістан облысындағы этномәдени бірлестік өкілдері Президенттің референдум өткізу туралы шешіміне қолдау білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абилфас Хамедов жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында халық қалаулысы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, еңбек ұжымдары мен қоғамдық институттар өкілдерімен, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелерімен кездесті.
Алқалы басқосуды ашып, жүргізген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында жүктеген мақсат-міндеттері және оның өңірімізде іске асырылу барысы туралы баяндап өтті. Сондай-ақ Аңсар Жаңабайұлы өз сөзінде Президенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысының маңызы жоғары екенін тілге тиек етіп, бұл реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін айтты.
Кездесу барысында сөз алған депутат А.Хамедов Мемлекет басшысы ұсынған реформа Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама екенін, сол себепті ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмау керектігін алға тартты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 29 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты тың бастамалар туралы айтты. Оның ішінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсыныстың маңызы ерекше. Референдум – бірлігімізді бекемдейтін айтулы саяси оқиға дер едім. Бұл реформалардың мәні – еліміздегі демократияны нығайту, әділетті қоғам орнату, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттыру. Міне, сондықтан, Президентіміз Ата заңға енгізілген өзгерістерді халықтың талқысына салып, көпшіліктің шешіміне сүйеніп қабылдауды көздеп отыр. Бұл әрине демократиялық әділ қадам. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, баршаңызды «Жаңа Қазақстанды» бірлесе құруға шақырамын!», – деді А. Хамедов.
Сондай-ақ басқосуға жиналғандар негізінен еліміздегі отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеу, этносаралық және конфессияаралық қатынастың маңыздылығы, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жұмыспен қамту тұрғысында өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Бұл ретте, Түркістан облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Шарипа Пірімбетова, Кентау қаласы Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бекзад Хабибов, слваян этномәдени бірлестігінің мүшесі Ирина Чеганова, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі Жанат Таукеева, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшеcі Айбар Мырзагельдин сөз сөйлеп, өзекті мәселелер бойынша пікірлерін білдірді және сұрақ-жауап түрінде ой бөлісіп, пікір алмасты.
Осы орайда, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдумды бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Еске сала кетсек, 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдумда Конституциядағы 98 баптың 33-іне өзгерістер енгізілмек.
Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы А.Өсербаев өңірде халықтың бірлігін нығайтуда және қоғамдық келісімді сақтауда жүйелі жұмыстар жалғасатындығын атап өтті.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Абилфас Хамедовтың өңірімізге жасаған сапары ары қарай аудандарда жалғасады. Атап айтсақ, халық қалаулысы 13 мамырда Түлкібас пен Сайрам аудандарында, 14 мамырда Мақтаарал мен Жетісай аудандарында және 16 мамырда Сарыағаш ауданында тұрғындармен жүздеспек. Іссапар шеңберінде аудандық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары жетекшілерімен, мүшелерімен және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер өтеді деп жоспарлануда.