Түркістан қаласы 5G жүйесіне қосылды

0
922

«Kcell» және «Ericsson» компаниясы бірлесе жүзеге асырды.


Түркістан қаласы 5G жүйесіне қосылды

Түркістан қаласы бүгін ресми түрде 5G жүйесіне қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласы бүгін ресми түрде 5G жүйесіне қосылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай үйлестірілген ауқымды жобаны «Kcell» және «Ericsson» компаниясы бірлесе жүзеге асырды. Бүгін «KUN» қонақ үйінде аталған жүйенің базалық станциясын орнату рәсімі өтіп, арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиында «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшесі Тимур Құдайбердиев Түркістан қаласының даму деңгейі, өңірдегі оң өзгерістер осы игі істі қолға алуға себеп болғанын атап өтті.


"5G желісін іске қосу үшін Түркістан қаласы кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл цифрландыру мен цифрлық трансформацияның алдыңғы қатарында тұрған аймақ. Бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында бұл жоба сәтті аяқталды. Осы ретте облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына, «Kcell» және «Ericsson» компанияларына алғысымды айтқым келеді. Жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірді. Нәтижесінде Түркістан Қазақстан бойынша қалалық ауқымда 5G жүйесіне қосылған алғашқы шаһар атанып отыр. 5G жүйесі «ақылды қала» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз тек жоғары жылдамдықты ғаламтор емес, дамудың жаңа сатысы деген сөз. Осы жүйе арқылы облыстың денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы және өнеркәсібіне жоғары технологияларды енгізуге болады. Аталған өзгерістер Түркістан облысының дамуына серпін береді. Түркістан қаласы оңтүстік өңірінде ғана емес, республика бойынша 5G жүйесін енгізу бойынша көшбасшы атанып отыр", – деген ол Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюповқа «Қазақтелеком» АҚ атынан арнайы естелік статуэтканы табыстады.


Өз кезегінде Рашид Аюпов Түркістанды саяси, тарихи-мәдени орталық ғана емес, технологиясы дамыған шаһар ету жолында жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді.


"Алдымен баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы жалпұлттық жобаға айналды. Өңірлер, ірі компаниялар Түркістанның құрылысына үлес қосты. Біз қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, оны жаңарту жоспарын қойдық. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Биыл жазда «Қазақтелеком» және «Kcell» компанияларымен келіссөз жүргізіліп, арнайы меморандум жасалды. Міне, сол келісім қысқа уақытта жүзеге асты. Түркістанның ең стратегиялық маңызды орындары мен тұрғындар тығыз қоныстанған бөлігіне 5G жүйесі енгізіліп, оның игілігін ел көретін болады", – деді облыс әкімінің орынбасары.


«Ericsson» компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі радио және көлік желілерін дамыту жөніндегі вице-президенті Анатолий Ильяич түркістандықтарды тарихи сәтпен құттықтады.


«Ericsson» компаниясы Қазақстанда 120 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. 1989 жылы Семейде 48 абонентке арналған ең алғашқы «Ericsson» телефон коммутаторы орнатылды. Біз Қазақстандағы телефон байланысының бастауында тұрмыз және әрбір жаңа технологияның, соның ішінде ұялы байланыстың да Қазақстанға бізбен бірге келгенін мақтан тұтамыз. 5G жүйесі өңірдің дамуын жаңа сатыға көтереді", – деді ол.


Ал «Kcell» АҚ бас атқарушы директоры Юрий Харламов бүгінде Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 8 сыртқы станция дайындалып, толық жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, қала әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы және өзге нысандар жүйеге енгізілген. Алдағы уақыт әуежай, «Kcell» абоненттік бөлімі, «Rixos» қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарда 5G жүйесін орнату жоспарланған.