Түркістан қаласында қоғамдық көліктер Ораза айт мейрамы күнінде жолаушыларды тегін тасымалдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жалпы саны 125 көлік таңертең және кешкісін карантин режиміне байланысты шектеулі режиммен жұмыс жалғастырды. Алайда, тұрғындарға көрсетілген қайырымдылық іс - жоспардан да көп сағатқа ұласты. Мәселен, таңертең 9.30-ға дейін жалғасуы тиіс тасымал жұмысы түске дейін, ал 18.00-ден басталуы тиіс тасымал 16.00-ден басталған.
Ал, бүгін, яғни 25 мамырдан бастап қоғамдық көліктер бұрынғы режимі бойынша таңғы 7.00-ден кешкі 21.00 аралығына дейін тасымал жасайтын болады. Карантин режиміне байланысты автобустар күнделікті екі мезгіл дезинфекцияланады. Сонымен қатар, жүргізуші мен жолаушыларға медициналық бетперде тағу талап етіледі.
Айта кету керек, «Жолаушы» мекемесінде 270 көлік бар. Карантин режиміне байланысты 18 мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін уақыт шектеуімен жұмысын жалғастырған болатын.