Ғимаратта ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары орналасқан
Түркістан қаласында экономикалық соттың жанынан фронт-офис ашылды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бастаманың мақсаты - халыққа сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін іс жүзінде қамтамасыз ету, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңадан жұмысын бастаған нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қызмет көрсету орталығын аралап көрді.
Халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелердің сапасын арттыру – заман талабы. Бұл туралы Елбасымыз үнемі айтып келеді. Міне, бүгін осы міндетті орындау барысында халыққа қызмет көрсететін фронт-офис ашылып отыр. Бұл халық пен билік арасын одан сайын жақындастыра түсетін мекеме. Мұнда мәселенің дер кезінде, әділ шешілуіне барлық жағдай жасалған. Яғни, орталықта көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі электронды жүйеге көшірілген. Бұл қоғамда дау-дамай туындайтын болса, бұрынғыдай ұзақ уақытқа созылмай, қысқа мерзімде шешіледі деген сөз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ғимаратта ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары орналасқан. Күту залында келушілерге жағдай жасалған, интернет желісі, мобильді сымтетіктерді қуаттағыштармен де жабдықталған.
Сонымен қатар, мұнда дауларды сотқа дейін жеткізбей шешуге жұмыс істейтін медиация кабинеті қарастырылған. Онда тараптардың мәселесін әділ шешіп, істі тоқтатумен айналысатын кәсіби мамандармен қамтылған.
Одан бөлек, кеңседе «Вертуальды сот отырысы» жобасын іске асыру жүйесімен де қамтылған. Бұл жоба еліміздің кез-келген жерінен электронды құрылғылардың көмегімен сот отырыстарына қатысуға мүмкіндік береді.