Түркістандық тұрғындар да Мемлекет басшысының бұл бастамасын қызу қолдады.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы Парламент мәжілісінде бірінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Маңызды құжатты әзірлеуге Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы және қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды.
Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмысшы топпен кездесіп, мәселені талқылаған болатын. Түркістандық тұрғындар да Мемлекет басшысының бұл бастамасын қызу қолдады.
Заң жобасын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Экономика министрі премьер-министр орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев қосымша баяндама жасады.
Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасын талқылау 1,5 сағатқа созылды. 15 депутат сауалдарын жолдап, пікір білдірді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Бұл Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлыбритания, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. Заң 4 тараудан және 15 баптан тұрады, Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді.
Заң жобасының негізгі новеллаларына тоқталсақ, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру; Ұлттық қолөнершілер шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу; Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін ғимараттар салуға жол берілмейді. Сонымен бірге шаһар басшылығы мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша шешім қабылдай алады. Түркістан қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа қосымша 34 құзырет беріледі.
Айта кетейік, Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда31,5%-ға артып, 2024 жылдың 1 қарашасына 236 333 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, өткен жылы 370,8 млрд. теңгеге жетті. 2024 жылға 413,7 млрд. теңге болады деп болжамдануда. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, былтыр 66,2 млрд. теңге түссе, биылғы 10 айда 62,3 млрд. теңге түсті. Қала бюджеті облыс орталығы болғалы 3 есе өсіп, 141,3 млрд. теңгеге (2018 жылы 41,9 млрд. теңге) жетті. Қалада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі соңғы үш жылда 915,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестиция – 458,1 млрд. теңге. Биыл 390 млрд. теңге тартылады деп жоспарлануда.
Соңғы үш жылда шаһарда 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 807,3 мың шаршы метрді құрайтын көп пәтерлі 200 тұрғын үй (10 020 пәтерлі) пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп, 22 мыңға жетті. Биыл Түркістанға «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шаралар өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165%-ға өсіп, 2023 жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны үш жылда 60 есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 953,9 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,2%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны 22,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 2 есе артқан.