Алдағы уақытта арнайы киіну, жуыну бөлмелері мен басқа да заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Қазығұртта сапалы футбол алаңы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауыл округінде ескі футбол алаңы жаңартылып, пайдалануға берілді. Оған меценат Жармахан Тұяқбаев демеушілік жасап, 65 млн теңгеге табиғи көгал төселіп, жүгіру алаңдары мен көрермендерге арналған аймақ, футбол алаңының аумағын қоршау жұмыстары жүргізілді. Демеуші азамат алдағы уақытта арнайы киіну, жуыну бөлмелері мен басқа да заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Стадионның жаңартылуы құрметіне өткен іс-шараға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, меценат Жармахан Тұяқбаев және өзге де елге танымал азаматтар, ел ағалары қатысты. Салтанатты шара жасөспірімдер арасындағы аудандық турнирге жалғасып, 13 ауыл округтен келген жас футболшылар өзара сайысқа түсті.
Қазығұрт ауданында спорттың осы түріне қызығатын жастар мен тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Тіпті, арнайы футбол мектебі жұмыс істейді. Онда ауданның мыңға таяу жас футболшылары шынығып, тәрбиеленуде.
Мысалы, былтыр ауданның кіші футболдан ересектер құрама командасы Әзербайжан Республикасында өткен халықаралық турнирде 3 орынды, республикалық чемпионатта ІІ орынды, облыстық турнирлерде бірнеше рет І орынды иемденіп ел мәртебесін асқақтатты. Биыл да осындай жетістіктерді жалғастырып, жақында көршілес Өзбекстан Республикасында өткен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдері арасында өткізілген барлығы 12 команда қатысқан турнирде 2-орын иемденіп, көк байрақты тағы да биікке көтерді.