ТҮРКІСТАН: Қазығұртта өнім көлемі 1,5 есеге артқан

0
553

Биыл бұл көрсеткіш 114,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға көбейген.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта өнім көлемі 1,5 есеге артқан

Қазығұрт ауданында 28 инвестициялық жоба іске асырылып, 254 адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазіргі уақытта өңірдегі аудан, қала әкімдері биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп жатыр. Күні кеше Қазығұрт ауданының басшысы да облыс орталығына барып, БАҚ өкілдері үшін баспасөз жиынын өткізді. Азизхан Исмаиловтың айтуынша, аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есе артқан екен. Ал биыл бұл көрсеткіш 114,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға көбейген. Ал өнеркәсіп саласында 8,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, жалпы құны 3,6 млрд. теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны іске асырылып, 254 адам жұмыспен қамтылған.


«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қазығұрт ауданына инвестиция тарту мақсатында Қытай Халық Республикасының 5 қаласында іссапарда болдық. Сапар барысында ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасы, тоқыма саласы және шағын бизнеске арналған жабдықтардың өндірісіне қатысты компаниялармен таныстық. Ең бастысы – Гуанчжоу қаласындағы әлемдік көрмеде болдық. Тиісінше қазір осы көрмеде көптеген жабдықтармен танысқан аудан кәсіпкерлері жабдықтарды шығаратын өндірушілермен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар 9 айда ауданға 23,9 млрд. теңге инвестиция тартылса, соңғы үш жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 60 пайызға артып, қазір 14 мыңнан асты. Шаруалар еңбегінің арқасында өнім көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есеге артып, жыл басынан бергі өнім көлемі 53,4 млрд. теңгені құрады. Жалпы, биыл ауданда 92 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Биылғы 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 5,7 млрд. теңгеге жетіп, 18,6 мың шаршы метр тұрғынүй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 27,8 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр», - деді Азизхан Әзімханұлы.


Қазығұрт ауданында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 206 жоба мақұлданып, 184 жобаны іске асыру үшін 1,1 млрд. теңге несие берілген. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 120 маманға 41,5 млн. теңге көтерме жәрдемақы тағайындалып, тұрғынүй сатып алу үшін 60 маман 310 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие алған. Сонымен қатар, қазіргі таңда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 384 млн. теңге бөлініп, 40 пәтер сатып алу көзделіп отыр. Тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, Қазығұрт елді мекенінде орналасқан «Шығыс» мөлтек ауданындағы 552 жер теліміне инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Жалпы, ауданда 62 елді мекеннің 60-ы сапалы ауызсумен, 61-і электр жүйесімен және 49-ы табиғи газбен қамтылған екен. Денсаулық сақтау саласында тұрғындарға 61 емдеу мекемесі қызмет көрсетіп жатыр. Биыл Жаңаталап, Ынталы және Қакпақ елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункт салу үшін 434 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауданда биыл 7 мектептің іргетасы қаланса, екеуі пайдалануға берілген. Тағы екеуі жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ.


«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша 9 айда 198 жеке қабылдау өткізілді. Онда 458 тұрғын 349 мәселе көтерген. Жеке қабылдауда 114 мәселеге түсінік берілсе, 128 мәселе шешімін тапты. Сондай-ақ 107 мәселе бойынша түсіндірме жауаптар берілді. Өздеріңіз білетіндей, былтырғы жылдан бастап халықпен кездесулер жаңа форматта өткізілуде. Осы ретте жыл басынан бері 13 ауылдық округке барып, 39 рет халықпен кездестік. Нәтижесінде елдің мұң-мұқтажын шешу мақсатымен 327 тапсырма берілсе, оның 108-і орындалып қойды. 103 тапсырма орындалып жатса, 116 тапсырма бақылауымызда. Жалпы, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін көптеген жұмысты атқаруымыз қажет», - деді баспасөз жиынын түйіндеген аудан басшысы.