Аталған жұмысты жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Келес ауданында тұрмысы төмен отбасыларға баспана салу жұмыстары бастау алды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін «Келес-Абай» қайырымдылық қорының мұрындық болуымен Келес ауданы Біртілек ауылдық округінен 10 соттық жерге тұрмыстық жағдайы төмен 2 жанұяға арнап баспана салу жұмыстары бастау алды. Аудан әкімі Ақментай Есбаев тұрғынүй салынып жатқан алаңға барып, жоспардағы жобалармен танысып, нысанның іргестасын қалау шарасына қатысты.
Тұрмысы төмен отбасыларға арналған баспаналардың іргетасын құюды бастаған аудан әкімі алдағы уақытта өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлер анықталса, осы қордың тұрғынүй салуына берілетінін айтты.
«Бұл игілікті шара бойынша ауданымыздың қалталы азаматтарына үндеу тастадық. Жерлесіміз, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Диас Абдиев бауырымыз бастама жасап, бүгін міне тұрғын үйдің іргетасын қалау сәтіне куә болып отырмыз. Осы сәтті пайдаланып, ауданымыздың кәсіпкерлеріне тағы да үндеу жасағым келеді. Қасиетті Рамазан айында бастау алған игі шараға бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақты ел екенімізді көрсетіп, қолғабыс болсақ деген ниетіміз бар», - деді А.Есбаев.
Атап өтсек, Келес ауданында «Келес-Абай» қайырымдылық қоры ашылған. Бүгінде аталған қорға ауданның қалталы, жаны жомарт жандары және дүйім елдің қолдауымен қаржы жиналып, тұрмыстың тауқыметін сезініп, үйсіз жүрген келестіктерді баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Келес-Абай» қайырымдылық қорының жетекшісі, кәсіпкер депутат Д.Абдиевтың айтуынша, қордың жұмысын жандандыра отырып, кәсіпкерлердің басын біріктіріп, аталған жұмысты жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.