ТҮРКІСТАН: Халыққа қызмет көрсетуде жемқорлық көріністеріне жол берілмеуі тиіс

0
1 355

Түркістанда сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша жиын ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Халыққа қызмет көрсетуде жемқорлық көріністеріне жол берілмеуі тиіс

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалы мен оның аудандық бөлімшелері басшыларының қатысуымен сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еркін форматта өткен кездесуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ.Асанұлы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» басқарма Төрайымының орынбасары Б.Уәлиұлы және Мемлекеттік корпорацияның омбудсмені Ғ.Каркинбаев қатысты.

Жиын барысында Ғанижан Асанұлы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылғанын атап өтіп, қызметкерлерге тұрғындар үшін өз атауына лайық сапалы қызмет көрсетуін, әкімшілік кедергілер жасамауын және азаматтарды әуре-сарсаңға салмау қажеттігін атап көрсетті.

Десе де, бүгінгі күні Департаменттің сенім телефонына филиалға қарасты бөлімшелерде қызмет істейтін қызметкерлерге қатысты дөрекі мінез-құлық таныту, кезек талонын сатумен айналысу, делдал арқылы табыс табу туралы ақпараттар көптеп келіп түсуде.

Осы орайда, түскен ақпараттардың барлығы қазіргі кезде Департаментте зерделеніп, нақты шаралар қабылданатынын және филиалдың аумақтық бөлімшелерінің қызметшілері квазимемлекеттік секторының қызметкерлері ретінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының субъектілері болып саналатыны ескертілді.

Бұған қоса, Департамент тарапынан облыста орналасқан барлық 54 халыққа қызмет көрсету орталығы, тіркеу және жер кадастрларын және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің басшыларына бір орында қызмет ету жағдайларына байланысты талдау жүргізілгенін жеткізді. Талдау нәтижесі бойынша, бүгінгі күні облыста орналасқан 8 бөлімше басшылары (14,8%) 5 жылға дейін, ал 9-ы (16,6%) 5 жылдан астам уақыт бір орында отырғаны анықталғанын атап өтті.

Өз кезегінде басшылардың ұзақ мерзімде бір лауазымда отыруы - сыбайластықтың түп-тамырын жаюға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына әкеліп соғатыны айтылды.

Осыған байланысты, Департамент тарапынан корпорацияның филиалына ұзақ мерзімде отырған бөлімше басшыларын ротация тәртібімен ауыстыру ұсынылды.

Шара соңында қатысушылардың қоғамдық санасына әсер ету құралы ретінде облыста орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.