ТҮРКІСТАН: Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін сервистік тәсіл енгізілді

0
594

Пилоттық аумақ ретінде «Яссы» және «Сауран» шағынаудандары таңдалған.


ТҮРКІСТАН: Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін сервистік тәсіл енгізілді

Түркістан облысы әкімдігіндегі «Ахуал орталығында» жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы «Ахуал орталығында» жиын өтіп, оған ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев қатысты. Сонымен бірге Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің консультанты Эльмира Хисамутдинова және Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев пен департамент, басқарма өкілдері қатысты. Басқосуда Түркістан облысы әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топтың жұмысы сараланды.


Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы, топ жетекшісі Бауыржан Досжановтың айтуынша, топ құрамына полиция, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, прокуратура, әкімдік қызметкерлері және қоғам өкілдері енгізілген. Түркістан облысы полиция департаментінің ұсынысына сәйкес, пилоттық аумақ ретінде «Яссы» және «Сауран» шағынаудандары таңдалған.


«Топ мүшелері «Яссы» және «Сауран» мөлтек аудандарының көшелері және шекараларымен толығымен танысты. Жобаның бастапқы кезеңдерін іске асыру үшін топ ресми статистикалық деректердің ауқымды бөлігіне талдау жүргізуде. Жүргізілген талдауға сәйкес, қылмыстардың басым бөлігі ұрлық, алаяқтылық, тонау және бұзақылық екені анықталды. Сонымен бірге тұрғындардан қағаз және онлайн түрде қауіпсіздік мәселесіне қатысты 2835 сауалнама алынды. Нәтижесі бойынша тағы да сараптама жүргізіледі», – деді Бауыржан Досжанов.


Сонымен бірге, жиында облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, полиция департаментімен бірлесе жобалар жүзеге асатынын жеткізді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк пен өзге қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда сервистік тәсілді ендіру ісінің тиімді екеніне тоқталды.