ТҮРКІСТАН: Қоқысты қайта өңдеу саласында серпін бар

0
844

Жылдық жоспар – 26 пайызды құрайды.


ТҮРКІСТАН: Қоқысты қайта өңдеу саласында серпін бар

Түркістан облысында 103 181 тоннаға жуық қалдық жинақталып, оның 23 734 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында алдағы 5 жылда республиканың орман қоры жерлеріне 2 млрд. және елді мекендер аумағына 15 млн. түп ағаш көшетін егу тапсырылған. Осыған орай Түркістан облысының орман қоры жерлеріне 2021-2025 жылдар аралығында 170 млн. түп көшет егу бойынша Экология министрлігімен «Кешенді жоспар», ал елді мекендерге 1,1 млн. түп көшет егу бойынша «Аймақтық жоспар» келісіліп, бекітілген. Сәйкесінше, жоспар бойынша 2021-2023 жылдар аралығында 51,6 мың гектар жерге 78 млн. түп көшет егіліп, жоспар орындалыпты. Бұл туралы баспасөз жиынында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлім етті.


Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі елді мекендерді көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған жоспары да бекітілген. Осы ретте облыстағы 852 елді мекеннің 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 млн. түптен аса көшет отырғызу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен.


Сонымен қатар Экология министрінің өңірге жасаған іссапары аясында мамандар мен ғалымдардың нұсқауына сәйкес елді мекендердің аумағына, кіреберіс қақпалары мен жол бойына өнімділігі жоғары көшет түрлерін, ал ғимараттар мен аллеяларға қылқан жапырақты сәндік ағаштарды егу ұсынылған. Бүгінде бұл бағытта Түркістан, Арыс қалалары мен Созақ, Қазығұрт, Келес аудандарында өнімді жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Оған қоса қосымша көгалдандыру жұмыстарын атқару үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу және инвесторлар тарту қолға алынған. Одан бөлек, басқармаға қарасты орманшылар Ресей, Өзбекстан елдері мен басқа да облыстарда тәжірибе жинақтап, көшет түрлерінің санын арттыру мақсатында өңірге мамандар тартылып жатыр.


«Облыс көлеміндегі орман питомниктерінің көлемі 253 гектар. Оның 14-і типтік заманауи нысан. Мәдени орман алқабына егілетін көшеттер дайындауға аумағы 350 гектарды құрайтын 10 уақытша питомник жасақталып, 35 млн. түптен астам ағаш көшеті өсірілуде. Көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Облыста республикалық және жергілікті маңызы бар 112 балық шаруашылығы бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бар 104 су айдынының 82-сі табиғат пайдаланушыларға бекітіліп, құжаттандырылды. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы қаулысына сәйкес, облыс әкімдігімен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін, яғни 10 жыл ішінде тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін 2 есе немесе 7 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100 пайызға дейін жеткізу қажет. Саланың дамуына мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп келеді. Мәселен биыл облыстық бюджеттен акваөсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 500 млн. теңге қарастырылып, қаржы толығымен игерілді. Республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығындарын өтеу бойынша қарастырылған 226,5 млн. теңгенің 123,8 млн. теңгесі 7 кәсіпкерге берілді. Инвестициялық салымдар бойынша 237,5 млн. теңге қарастырылып, бүгінде құжат қабылдау жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 2023 жылы 24 кәсіпкерге 168,9 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Жергілікті атқарушы орган және балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, жасанды балық өсіру шаруашылықтарын құруға қызығушылық танытқан бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға шаруашылық құру алгоритімін түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.


Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу әлемдік деңгейдегі мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай былтыр өңірде 103 181 тоннаға жуық қалдық жинақталып, оның 23 734 тоннасы қайта өңдеуге бағытталған. Осылайша қайта өңдеу көлемі 23 пайызды құрап, жоспар толығымен орындалыпты. Ал биылғы жылдың алты айында 46 128 тонна қоқыс жинақталса, оның 10 905 тоннасы қайта өңдеуге бағытталып, көрсеткіш 23,6 пайызға жеткен. Жылдық жоспар – 26 пайызды құрайды. Сонымен қатар былтыр арнайы ғарыштық түсірілім арқылы өңір аумағындағы 414 заңсыз қоқыс алаңы анықталып, жыл соңына дейін толық жойылған. Биылғы алты айда мұндай полигондар саны 41-ге жетіп, бүгінге дейін отызы ретке келтірілген.


Сондай-ақ, облыстағы су нысандарын санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, ластануы болдырмау мақсатында 149 өзенге, 31 су қоймасы мен 2 табиғи көлге су қорғау аймақтары мен белдеулер орнатылыпты. Бұдан бөлек, биыл Арыс және Келес өзендерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін қайта бекіту жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.