Облысқа кіріп-шығу тәулік бойы қадағаланып, арнайы ашылған бекеттер үзіліссіз қызмет көрсетеді.
Коронавирус бойынша әлемдегі эпидемиологиялық жағдай мен Қазақстан Республикасында тіркелген оқиғаларды ескере отырып, коронавирус инфекциясының Түркістан облысы аумағына енуі мен таралуының алдын алу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері күшейтілген режимде жұмыс жасауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Коронавирус дертіне байланысты облысымызға кіріп-шығу тәулік бойы қадағаланып, арнайы ашылған бекеттер үзіліссіз қызмет көрсетуде.
Мәселен, Түркістан облысы бойынша 30 блокпост іске қосылған.Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда екі блокпост болса, яғни Жамбыл облысынан Түлкібас ауданына кіреберісте және Қызылорда облысынан-Кентау аумағына қарасты жерде. Аталған блокпосттарға полицейлер сағат сайын бақылау жасап, облыс аумағына келген азаматтарды қадағалауда.
«Облыс көлемінде ашылған блокпосттарға 200-ге жуық полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Облыс сақшыларымен бірге медицина мамандары, көлік инспекциясының қызметкерлері жолдан өтетін әрбір көлікті жіті тексеруде. Сонымен қатар көлік ішіндегі жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызулары арнайы құрылғымен тексерілуде. Егер дене қызу анықталмаса облыс аумағына өткізіледі, ал дене қызу анықталатын болса онда міндетті түрде ол адам оқшауланып, медицина мамандарымен тексеруге жөнелтіледі. Бүгінгі күнге дейін облысқа өтіп кеткен дене қызуы бар адам анықталған жоқ. Біз бұдан әрі де блокпосттардағы жүйелі жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз», деп атап өтті Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Жергілікті полиция қызметінің басшысы полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов.
Қосымша айта кететін болсақ, Президентіміздің қаулысымен елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты бүгінде полиция қызметкерлері мен медицина мамандары күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Сондықтан облыс тұрғындарынан ретсіз үйден шықпауға және мүмкіндігінше барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз.