76 млн. теңге айыппұл салынған.
Түркістан облысында құрылыс талаптарын сақтамаған 70-ке жуық мердігерге шара көрілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 2021 жылы 859 нысанның құрылысы жүргізілді. Заң талаптарын сақтамай салынған 212 құрылыс нысанына тексеру жүргізіліп, оларға 337 хаттама толтырылған. Жалпы салынған 76 млн. теңге айыппұлдың бүгінгі күнге 81,6 пайызы өндіріліп, 62 млн теңге облыстық бюджетке кіріске алынды. Бұл жайында брифингте Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сапарғали Салдаров мәлімдеді.
«Басқарма тарапынан 5 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұл қызметтер 100% электронды түрде. 2021 жылдың қорытындысымен лицензия алу бойынша 169 өтініш, аттестаттау бойынша 546 өтініш, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды акредиттеу бойынша 1 өтініш қанағаттандырылды», -деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, құрылыс нормативтерінiң талаптарын бұзғаны үшін 3 жобалаушы, 19 мердігер мекеме мен 2 тапсырыс берушіге заңға сәйкес шара көрілген. Сонымен қатар, 26 техникалық қадағалаушы және 1 авторлық қадағалаушы тұлғалардың аттестаттарының қолданысы 6 айға тоқтатылды.