ТҮРКІСТАН: Мақтаарал Тәуелсіздік мерекесін атап өтті

0
1 103

Шарада "Желтоқсан желі" атты театрландырылған қойылым көрсетілді.


ТҮРКІСТАН: Мақтаарал Тәуелсіздік мерекесін атап өтті

Мақтааралдықтар Тәуелсіздіктің 28 жылдығын жаңадан құрылған "Жастар" гүлзарында атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақталы Мақтаарал ауданы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығын жаңадан ашылған "Жастар" гүлзарында атап өтті. Жоғары деңгейде өткен іс-шараға 5 мыңға жуық тұрғындар қатысты.

Ең алдымен аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған топ кенттер мен ауылдық округтердің ұйымдастырған мерекелік дастарханынан дәм татып, кітап, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, мереке барысында әртүрлі спорт түрлерінен жаттығу көріністері көрсетіліп, ауданымызға қарасты этно-мәдени орталықтардың мәдени іс-шараларының куәсі болдық.

Мерекелік кештің негізгі бөлімі Мемлекеттік Әнұранымызбен басталып, аудан басшысы аудан тұрғындарын еліміздің ең басты мерекесімен құттықтап, белсенді еңбек етіп жүрген бірнеше басшылар мен қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады.

"Жарқын жетістіктеріміз бен жасампаз жемістеріміз бекем бірлігіміздің және Ел Тәуелсіздігінің арқасы деп ойлаймын. Бұл белестерді өздеріңізбен бірге алдық, толайым табыстарға сіздерменен бірге жеттік. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – біздің жалпыұлттық мерекеміз. Сіздерді осынау ұлық мерекемен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі. Олай болса, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, тәуелсіз еліміз гүлдене берсін!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Мұнан соң "Желтоқсан желі" атты театрландырылған қойылыммен іс-шара жалғасын тауып, патриоттық тақырыпта түрлі әндер айтылды. Сондай-ақ, жастар тарапынан флешмоб қойылып, бишілеріміз би биледі.

Айта кетейік, Мырзакент кентінің орталық алаңын заман талабына сай көрікті етіп жасау үшін биыл құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жастар жылына орай жаңадан құрылған алаңға "Жастар гүлзары" деген атау берілді.