​ТҮРКІСТАН: Мақтаарал жастары дүбірлі көкпар өткізді

0
3 528

Жастардың ұйымдастыруымен бастау алған көкпардың соңы аудан әкімі Бақыт Насырханұлының жүлдесіне арналған жаппай көкпарға ұласты.


​ТҮРКІСТАН: Мақтаарал жастары дүбірлі көкпар өткізді

Мақтаарал ауданының жастары қазақтың ұлттық ат спортын кеңінен насихаттау, дәріптеу мақсатында дүбірлі көкпар өткізді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен «2019 жыл – Жастар жылы» аясында қазақтың ұлттық ат спортын дамыту, жастарға көкпар ойынын кеңінен насихаттай отырып, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениетін» дәріптеу мақсатында аудандық көкпар ойындарын өткізді. Аудан жастарының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі көкпар додасына аудандағы тақымы мықты жас шабандоздары мен көкпар ойынының қыр-сырын жетік меңгерген аға буын өкілдері қатысты.

Ат тұяғының дүбірін естісе делебесі қозатын қазақтың қанына сіңген ұлттық көкпар ойынын тамашалауға келген аудан тұрғындарының да, додаға қатысып бабы мен бағын сынаушылардың да қарасы көп болды.

Төрткүл дүниені түгел мойындатқан қазаққа ғана тән, бағзы заманнан, батыр бабалардан мирас болған асыл өнерді тамашалауға келген жұртшылықтың да қарасы қалың болды. Бабы мен бағы қатар шапқан шабандоздар арасындағы көпардың алғашқы он салымы мектеп оқушылары арасында өтсе, кейінгі сегіз салымға 20 жасқа дейінгі жігіттер қосылды. Онан кейінгі салымдар 29 жасқа дейінгі ат құлағында ойнаған көкпаршы жігіттердің Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлының жүлдесіне арналған жаппай көкпарына ұласты.
«Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған дегдар ойын – көкпар заманына сай жаңғырып, жасарып қазақпен бірге жасап келеді. Ат спорты, жылқы жануарының қасиеті жайында Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да ерекше тоқталып кеткен. Сондықтан да біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттауға, дамытуға міндеттіміз» - дейді Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев.
Тек қана жастар арасында өткен көкпар додасында өзгелерден ептілігі мен астындағы арғымағының жылдамдығы нәтижесінде көп салым салған бірнеше тақымы мықты жігіттер «Үздік шабандоз» атанып, сый-сияпатқа ие болды.