ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 8 айда үш полицей істі болған

0
1 473

Олардың ішінде лауазымды қызметтегілері де бар.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 8 айда үш полицей істі болған

Мақтааралда құқық қорғау органдарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткен жиында полиция қызметкерлерінің жұмысы сынға алынды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Алқалы жиынға аудан прокуроры Жұмағали Ботабеков, аудандық соттың төрағасы Құнанбай Мұсаев, “NurOtan” партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев пен аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков, полиция инспекторлары мен дін саласының қызметкерлері қатысты.
Жиында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Әділбек Сапарбеков қарамағындағы қызметкерлерге жемқорлыққа жол бермеу, алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарының ұдайы жүргізіліп отырғанымен санының артып отырғанына қынжылыс білдірді. Өткен жылы екі полицейі істі болған бөлімде биылғы жылдың басынан бері үш қызметкер жемқорлыққа жол берген. Олардың ішінде лауазымды қызметтегілері де бар.
“Бір-бірлеріңізге жандарыңыз ашысын, ескертіп тұруларыңыз керек. Баяғыда бір учаскелік инспектор болушы еді, қазір әр ауылда 4-5 инспектордан болса да ұрлықты тия алмайды. Сіздерді, біздерді ешкім танымайды, білмейді деп ойламаңыздар. Бір Мақтааралдан үш қызметкердің ұсталғаны абыройға нұқсан келтіреді, ұят емес пе?” деген аудандық соттың төрағасы Құнанбай Мұсаев полиция қызметкерлерін адал қызмет етуге шақырды.

Ал, аудан прокуроры Жұмағали Ботабеков ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің жемқорлық фактісімен ұсталса да айыппұл төлеп, жазадан құтылып кетуі сыбайластықтың тиылмауына сеп болып жатқанын тілге тиек етті.
“Айтудай айтылып жатыр, айтудан, түсінік жұмыстарын жүргізуден кенде қалып жатқан жоқпыз. Былтыр екеу, биыл үшеу – жемқорлық бойынша Мақтаарал ауданы облыста алдыңғы орында тұр. Пагон мен форманың абыройына лайық болу керек. Халық сіздерді сыйлаудан қалып барады. Арызданушы екі рет арызданса қызметтік тексеру жүргізуге тура келеді” деді аудан прокуроры.
Аудандық сот төрағасы айыппұл төлеуге қатысты айтылған прокурордың ренішіне халық пен прокуратурадан өтініш болса сыбайластыққа жол берген тұлғаны бас бостандығынан айыруға болатындығын жеткізді.
Жиын соңында “NurOtan” партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев халықтан қарғыс емес алғыс алуға шақырып, бұқараның ішкі-сыртқы мәдениетін өсіруге, криминогендік ахуалды реттеуге күш салу керектігін еске салды.