Өңірде 62 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетеді.
Түркістан облысында МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 62 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетеді. Оның ішінде, 22 - мемлекеттік, 40 - жеке клиника. Жалпы, жыл басынан бері 117 731 стоматологиялық қызмет көрсетіліп, Қор тарапынан 431 млн теңге төленген. Медициналық ұйым Қордың дерекқорында болуы тиіс. Науқас стоматологиялық клиниканы таңдауға ерікті. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұршат Айтымбетова хабарлады.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Олар мұндай қызметтерді жоспарлы түрде ала алады. Олар: анестезия, пломба салу, терапиялық қабылдау, пульпитті, периодонтитті емдеу, гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық формасын толық функционалды қалпына келтіру. Сондай-ақ, тісті жұлудың хирургиялық әдістері, еріннің, тілдің френальды бөлігіне пластикалық хирургия, жақ рентгені және анестезия.
МӘМС жүйесінде шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, I, II, III топтағы мүгедектер, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, мүгедек балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға шұғыл жағдайларда хирургиялық қабылдау, тұрақты тісті жұлу, абсцесті ашу, одонтогенді кистаны кетіру, альвеолитті емдеу, луночка жүйкесінің невритін емдеу, ауыз қуысының жұмсақ тіндерін кесу, жақ-бет аймағының жарасын бастапқы хирургиялық өңдеу сияқты қызметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ, жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балалар мемлекеттік тапсырыс есебінен ортодонтиялық көмек ала алады.