ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік бюджет жоспары 102,4%-ға орындалды

0
2 527

Жоспар 230 млрд 256 млн теңге болса, нақты түсім 235 млрд 744 млн теңгені құрады.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік бюджет жоспары 102,4%-ға орындалды

Түркістан облыстық кірістер департаменті көрсеткіштер бойынша республикада көш бастады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2020 жылдың нәтижесімен Мемлекеттік бюджет жоспарын 102,4% орындады. Жоспар 230 млрд 256 млн теңге болса, нақты түсім 235 млрд 744 млн теңгені құрады. Облыстық департамент 2020 жыл қорытындысымен Мемлекеттік кірістер органдары қызметтерін бағалау тиімділігінің көрсеткіштері бойынша елімізде 17 аймақтың ішінде 1 орынға қол жеткізді. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Дулат Нұрмолдин мәлімдеді.

«Пандемияға байланысты бюджеттің кірісіне төленуі тиіс 8 млрд 771,8 млн теңге сомадан салық төлеушілер босатылды. Одан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 2020-2022 жылдарға микро және шағын бизнес субъектілері – 4 млрд 877,1 млн теңге, дара кәсіпкерлер – 8 млрд 948 млн.теңге және әлеуметтік салық – 3 млрд 208,2 млн. теңге түсімдер бойынша салықтан босатылды. Аталған салықтардың орнын толтыру мақсатында және мемлекеттік бюджеттің кіріс жағын ұлғайту бағытында Департамент тарапынан 2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қосымша кіріс көздерінен 40 млрд 675 млн теңге анықталып, өндірілді», - деді Дулат Нұрахметұлы.

Одан басқа, ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексіне сәйкес, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар, мүгедектер мен көп балалы жанұяларды қоса есептегенде Түркістан облысы бойынша 2020 жылға жеке тұлғалардың көлік салығынан 42 307 салық төлеуші 632,3 млн теңге, мүлік салығынан 50 472 салық төлеуші 32,6 млн.теңге, жер салығынан 59 239 салық төлеуші 67,5 млн теңгеге салықтан босатылған.

Облыс бойынша 2020 жыл қорытындысымен 1 083 355 қызмет көрсетілсе, оның 76,7%-ы электронды түрде көрсетілген. Биыл Департаментке республикалық 1414 «Бірыңғай Байланыс орталығының» функциясы беріліп, Түркістан облысының салық төлеушілерінің өтініштері қабылданып, өңделуде. Өткен жылдың тамыз-желтоқсан айларында Департаменттің 1414-желісіне облыс тұрғындарынан 9 068 сауал түсіп, қанағаттандырылған.