ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік сатып алу жүйесінен 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген

0
2 499

850 мыңға жуық адамды қамтыған 1800-ден астам түрлі бағытта іс-шара өтті.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік сатып алу жүйесінен 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген

Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу жүйесінде 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаменті мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді. Бүгін бұл туралы Департамент басшысы Хаким Көшқалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан Департаменттің Штаб басшысы Жомарт Аитов мекеменің өткен жылы атқарған жұмыстарына толығырақ тоқталды.

«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс бойынша 850 мыңға жуық адамды қамтыған 1800-ден астам түрлі бағытта іс-шара өтті. Елдегі пандемия жағдайында Департамент қызметі жұмыстың онлайн форматына көшіріліп, Агенттікпен бастау алған "Antikor Live" және "Adal Komek" жобалары іске қосылды. 2020 жылдың 12 айында жедел-тергеу бағытында Департаментпен 97 қылмыс анықталса, оның 72-сі сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Солардың қатарында, сыбайлас жемқорлық қылмыстар білім беру саласында – 24, жер қатынастары саласында – 13, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласында – 9, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларында – 5 және құрылыс саласында – 4 қылмыс анықталған», - деді Жомарт Аитов.

Айта кетерлігі, анықталған қылмыстардың басым көпшілігі «Өңірлерді дамыту» және «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламаларында орын алып, мемлекетке келтірілген 171,7 млн. теңге залалдың 171,5 млн. теңгесі, яғни 99% пайызы өндірілген. Ал өндірістегі қылмыстық істер бойынша жалпы 1 млрд 345 млн. теңге залал анықталып, оның 1 млрд. 335 млн. теңгесі, яғни 99% пайызы өндірілді.

Сонымен қатар, брифингте Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтарға қатысты заңдардың қатаңдана түскенін таныстырды.

«Жаңа заңнамаға сәйкес, пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады. Бас бостандығынан айыру мерзімдерінің ұлғаюынан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін, айыппұл мөлшері де бірнеше есеге өсті. Мәселен, пара берушілер үшін (50 АЕК дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Егер азамат 100 мың теңге пара бергені үшін сотталған болса, онда оған ең төменгі жаза ретінде айыппұл мөлшері 2 млн теңгені құрайды. Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген "айтарлықтай мөлшерде пара беру" қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, қазіргі таңда жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ жазаға сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады», - деді Ғабит Жүндібаев.

Бұдан өзге, енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қаупі бар. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға, яғни 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.