Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері арасында B2B форматында кездесулер өтті.
Түркістан облысының әкімі бастаған ресми және іскерлік делегация Суйчжоу қаласының мэрі Ке Кемен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясының Қытайға жұмыс сапары аясында Суйчжоу қаласының мэрі Ке Кемен кездесу өтті. Сондай-ақ облыс делегациясы Суйчжоу қаласы мен Түркістан облысының достық қарым-қатынас және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференциясына қатысты. Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері арасында B2B форматында кездесулер өтті. Сапар нәтижесінде Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөліседі. Басқосуда жаңа жобалар таныстырылып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Суйчжоу қаласының басшысы жаңа бастамалардың сәтті боларына сенім білдіріп, екі жаққа да тиімді бірлескен жобалардың артуына күш салатынын жеткізді.
Бизнесін таныстырған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді. Тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім саласын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты.
“Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді. Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Бүгінгі таңда елдеріміздің шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбыры, 2 теміржол желісі және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енгеннен кейін екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етпек. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді”,– деді Дархан Сатыбалды.
Хубэй провинциясының «Солтүстік қақпасы» саналатын Суйчжоу табиғи қазба байлығымен атақты. Қаланың жоғары технологиялық индустриалды паркінде алуан түрлі өндіріс орны орналасқан. Өндіріс аймағында 500-ден астам шағын және орта бизнес шоғырланған.
Модификацияланған материалдары мен пестицидтік өнімдерді өндіру, зерттеу, әзірлеу және сату, жеңіл автомобильдерге арналған алюминий дискілерін шығару, медициналық материалдар, қуатты өнеркәсіптік лазерлер өндірісі, ауылшаруашылық өнімдері (Қытайдағы 500 үздік ауылшаруашылық кәсіпорындарының тізімінде), арнайы мақсаттағы көлік құралдары – қаланың экономикалық саласының негізі. Қытай машина жасау өнеркәсібі федерациясы және Хубэй провинциясының халық үкіметі Суйчжоу қаласына «Қытайдың арнайы мақсаттағы көліктерінің астанасы» атағын берген.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясы индустриалды паркті аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Тазалық жұмыстарына арналған электр машиналарының, арнайы техника жасайтын, тері өңдеу, тоқыма өгеркәсібіне негізделген, шатыр шығаратын бірқатар өндіріс орындарын аралады.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары жалпы аумағы 540 гектарлық 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталаған өндірістік ғимараттар бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.