ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі отырарлықтармен кездесті

0
768

Тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі отырарлықтармен кездесті

Отырарлық тұрғын Ө.Шөкеевке суретін сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданы тұрғындарымен кездесуге келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке ауыл тұрғыны балалық шағында ата - анасымен бірге түскен суретін сыйлады. Ол осылайша әке аманатын орындағанын айтты.


Жаңа форматта, ашық аспан астында өткен кездесу кезінде аудан тұрғындары өңір басшысымен тілдесіп, сауалдарын қойды. Отырардың өзекті мәселелерін жақсы білетінін айтқан облыс әкімі тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді.


«Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, аудандағы көкейкесті мәселелерді бірге талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру үшін кездесуге келіп отырмын. Заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономиканы құру және дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Шағын бизнестен көп үміт күтеміз. Облысымыздың халқы өте еңбекқор. Соның нәтижесінде шағын кәсіпкерлік бойынша көш басында келеміз. Өңірімізде жеке кәсіпкерлерді қолдауға күш салынады. Әрине бизнес бастау оңай шаруа емес. Креативті экономика деген бар. Жоқ жерден, ойламаған жерден кәсіп түрлері ашылып жатыр. Өңірде шағын кәсіпкерлер саны артып келеді. Осы бағыттан таймауымыз керек», — деді облыс әкімі.


Сонымен бірге, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Түркістан-Отырар жолының құрылысы келесі жылы аяқталып,ауданда ардагерлерге арналған орталық ашылады.


Отырар ауданында шағын бизнес субъектілері саны артқан. Бизнес бастаудың қыр-сырымен бөліскен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мемлекеттік бағдарлама арқылы қаражат алып, кәсіп ашқан отырарлықтармен кездесті. Олар қымыз, көкөніс, көрпе - төсек, қыш құмыра, темір, тігін шеберханасы, керамика өнімдерін жасау, бөдене шаруашылығын дамытуды қолға алған. Облыс әкімі жаңа кәсіп ашқан азаматтардың ұсыныс - тілектерін тыңдап, істеріне сәттілік тіледі.


Айта кетейік, біраз уақыт бұрын Отырар ауданы, Қоғам ауылына газ келді. Ұзындығы 25 шақырымнан асатын газ құбыры арқылы 2 мыңға жуық халық табиғи газбен қамтылатын болды. Сондай-ақ 29 тұрмыстық- коммуналдық нысандар толығымен газдандырылды.