2022 жылы облысқа шетелдерден 4425 адам келген.
Түркістан облысына келген шетелдік қонақтар саны 3 есеге артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына шет мемлекеттерден келген қонақтар саны бойынша e-Qonaq желісіндегі сараптамалық көрсеткіштер жарияланды. 2022 жылы облысқа шетелдерден 4425 адам келген.
Енді қонақтардың қай мемлекеттерден екеніне тоқталайық. 2022 жылы облысқа Ресей Федерациясынан 1401 адам келіп, келу көрсеткіші бойынша бірінші орынға шыққан. Екінші орындағы Өзбекстаннан 1237 қонақ келсе, Түркия 431 адаммен үштікті түйіндеп тұр. Қырғызстаннан 128 қонақ келсе, АҚШ-тың 121 адамы Түркістан облысында саяхаттаған. Үздік бестік осылай жасақталды. Облысқа Германия (68), Ұлыбритания (61) және Франциядан да (56) меймандар ат басын бұрған. Келушілердің басым бөлігі – 30 бен 34 аралығындағы азаматтар.
2023 жылы Түркістан облысына келген шетелдік қонақтар саны 14 490-ға жетіп, 3 есеге артты. Бұл жолы үздік бестік былай өрбіді. Өзбекстаннан 8211 саяхатшы келсе, Ресей Федерациясы 1 911 мейманымен екінші орынға сырғыған. Түркия – 963, ҚХР – 698 адам және 455 мейман жіберген Қырғыстан бесінші орынға шығып отыр. Былтыр АҚШ-тан 199 адам келсе, Тәжікстан (175), Франция (155), Германия (139), Әзербайжан (137), Үндістан (125), Италия (110) және Оңтүстік Корея (98) елдерінің өкілдері де Түркістан облысына келіп-кеткен. Бұл жолы 35-39 жас аралығындағы саяхатшылардың үлесі басым.
Былтыр қонақтардың 7 мыңға жуығы саяхаттау үшін келсе, қызмет бабымен, жеке шаруалармен, іскерлік кездесулер, жұмыс келісімшарты, оқу үшін келгендер де бар. Өнер, спорт сайыстарына қатысқандар тіркелген. Бұл ретте, Түркістан қаласында халықаралық байқаулар, жарыстар, іскерлік форумдар, инвесторлармен кездесулер, туристік іс-шаралар жиі ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
2022 жылы шетелдік қонақтарды қабылдау бойынша бірінші орынға «Rixos Turkistan» қонақүйі шықты. Бұл қонақүйге 1207 мейман тоқтаған. «Hampton by Hilton Turkistan» – 1044, «Karavansaray Turkistan Hotel» – 351, «GRAND KHANAKA» – 293 және «Grand Villa Turkistan» қонақүйі 223 саяхатшыны күтіп алған.
Ал былтыр «Hampton by Hilton Turkistan» қонақүйі топ бастады. Мұнда 2 552 шетелдік мейман тоқтаған. Одан кейінгі орындарда «Karavansaray Turkistan Hotel» (1 482) және «Rixos Turkistan» (1 097 адам) орналасқан. «GRAND KHANAKA» қонақүйі 423 адамды қабылдаса, «Hotel Boutique Silk Way Turkistan» қонақүйі 249 мейманға қызмет көрсеткен.
Айта кетейік, Ел Президенті Түркістанға ерекше мәртебе беруді тапсырып, осы бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Оған қоса, Түркістан қаласы түркітілдес елдердің 2024 жылғы туристік астанасы да атанды. Бүгінде қасиетті шаһар осы мәртебеге сай қадамдар жасалуда. Аймақта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен туризмді дамыту жоспары қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «Түркістан – Әбу-Дәби» бағытында әуе рейсі ашылды, 2024 жылдың 15 наурызында «Түркістан – Самарқанд» әуе бағытын ашу бойынша «Qazaq Air» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. 2024 жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы болып жарияланды. Көрші елдің саяхатшылары тарапынан қызығушылық бар. Осы бастамалар нәтижесінде Түркістан өңіріне келетін туристер шоғырын көбейту көзделіп отыр.