Түркістан облысында 100-ден астам карьер тексеріліп жатыр

0
1 430

11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.


Түркістан облысында 100-ден астам карьер тексеріліп жатыр

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс аумағында 100-ден астам карьерлердің жұмыстары жаппай тексеріліп жатыр. Рейдтік шаралар өткізіліп, айыппұл салынуда. Жыл басынан бері келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жер байлығын заңсыз игергендерді біржолата тоқтату туралы қатаң тапсырма берді. Облы әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте өзекті тақырып тағы да талқыланды. Бұл бағытта атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалды. Өзендердің арнасын бұзып, тау-тасты, тарихи орындарды қопарып, заңсыз құм, тас және өзге де пайдалы қазба алып жатқан кәсіпкерлердің әрекеті өткір сыналды.


Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған.


Сондай-ақ «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушы жұмысын тоқтатты. Ордабасы, Сауран, Төлеби және Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.


"Бұл мәселе не үшін болып жатыр? Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқарып отырса, бірде - бір заңсыз карьер болмас еді. Олардың жұмысын біржолата тоқтату керек.
Халықпен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Тұрғындарымыз заңсыз карьерлерден зардап шегуде. Карьер қазғаннан өзендер мен бұлақтар тартылып жатыр. Оның үстіне ауыр көліктер миллиардаған қаражатқа салынып жатқан тасжолдардың тас - талқанын шығарып жатыр. Оларды қорғағандардың өзін қылмыскер, деп санаймын", - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.


Облыс әкімінің тапсырмасымен, полиция департаментінің бақылауымен өңірде арнайы іс-шара жүргізілуде. ПД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен табиғатты қорғау тобының инспекторлары жұмылдырылған шара барысында анықталған ауыр жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Аталған жайттар бойынша тиісті құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды. 16 қылмыстық іс қозғалды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аумағында жалғасын табады.


Одан бөлек, облыс аумағында орналасқан 45 жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен бірлесіп мониторинг жұмыстарын жүргізілді. Маркшейдермен зерделенген кен орындарының қорытындыларын заң аясында тиісті шара көру үшін құзырлы мекемелерге жолданатын болады.


Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар келісімшарт және лицензия негізінде жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімшарт берілген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 мекеме алтын фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндіреді. Созақ, Кентау, Түлкібас аудандарында алтын, фосфор, барит барлау, темір барлау кен орындары жұмыс істейді.