Түркістан облысында 11 экологиялық қылмыс жасалған

0
1 408

Қазан айының 5-31 күндері «Браконьер» өңірлік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.


Түркістан облысында 11 экологиялық қылмыс жасалған

Түркістан облысында «Браконьер» іс-шарасы барысында 11 экологиялық қылмыс пен 146 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы аумағында браконьерлікті, биологиялық ресурс обьектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» өңірлік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Қазан айының 5-31 күндері аралығында ұйымдастырылған іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала-аудандық полиция бөлім/басқармаларының табиғатты қорғау инспекторлары атсалысты.

Жалпы іс-шара аясында 11 экологиялық қылмыстық құқықбұзушылық және 146 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда:

1) Балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу бойынша 2 қылмыс;

2) Ал, заңсыз аңшылық бойынша 5 қылмыстық теріс қылық анықталды. Мәселен, Созақ АПБ-нің табиғатты қорғау инспекторы полиция капитаны Ж.Атабаев арнайы жарықтандырғыш құралын пайдаланып, бір бас жабайы қоянды заңсыз аулаған екі табиғатқа залал келтірушілерді ұстады. Олардан 1 дана жарықтандырғыш құрылғысы, автокөліктері, 1 дана өлі қоянның денесі тәркіленіп алынған.

3) Ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін 4 қылмыстық теріс қылық анықталды. Сонымен қатар, 146 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, табиғатқа зиян әкелген тұрғындарға 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, оның 800 мыңға жуығы өндірілген.

Түркістан облысында өткен «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында браконьерлерден ІІО-да тіркелмеген 7 дана тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 25 дана патрон, заңсыз ауланған 24 кг балық, 9 дана қоян, 3 дана қайық, 3 қайық моторы және моно талшықтан жасалған қытай полимед 1400 метрден астам ау-тор айғақты зат ретінде алынды.

Сондай-ақ, тұрғындарға табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау керектігі, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктеріне тартылатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты - табиғатты қорғау заңнамасы, заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаш кесу, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылады.

Және осы бағытта Түркістан облыстық полицейлері қарқынды жұмыстар атқарды. Жоспарға сай әрекет етті. Алдағы уақытта да, заңсыз аң аулаушылар мен өсімдіктерді жоюшылармен күрес жұмыстары күшейтілмек.