Түркістан облысында 40 мыңнан астам абонент электр қуатынсыз қалған

0
496

Жабылған республикалық және облыстық маңызы бар жолдар қайта ашылды.


Түркістан облысында 40 мыңнан астам абонент электр қуатынсыз қалған

Түркістан облысында 40 мыңға жуық абонент электр қуатына қайта қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы аумағында ауа райының қолайсыздығынан Түркістан қаласы мен 7 ауданда 44 708 абонент электр қуатынсыз қалған. Табиғи залалды жою үшін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 10 бригада, 11 техника, 43 қызметкер жұмылдырылған. Нәтижесінде 39 750 абонентке электр қуаты қайта қосылып, қалған 4 958 абонентті электр қуатымен қайта қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.


«Облыс тұрғындары мен қонақтарын ауа райы болжамдарына, ұялы телефондағы ескертпе хабарламаларға мұқият қарауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Әрбір азамат алыс жолға шыққан кезде автомобильдің доңғалақтарын қысқы кезеңге дайындауы керек. Көлік жүргізушілер шекті жылдамдықтан асырмау қажет. Сондай-ақ, аймақ тұрғындары қысқы мезгілге пеш мұржаларын тазалап, қауіпсіздік талаптарын орындауы тиіс», - деді Ерік Темірханұлы.


Сонымен қатар, ауа райының тосын әсерінен уақытша жабылған республикалық және облыстық маңызы бар жолдар қайта ашылды. Жалпы, қолайсыз мезгілде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында өңірдегі автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан.


Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтің айтуынша, аталған жылыту бекеттерін жылы күйде сақтау мақсатында 68 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген. Жылыту бекеттерінің әрқайсысы бір мезгілде 30 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Қысқы кезеңде автокөлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз жүруін қамтамасыз ету тиісті сала мамандарының бақылауына алынған.