Қар құрсауында жолда қалып қойған азаматтар 8-725-33-5-78-97, 102 жедел желілеріне хабарласа алады.
Түркістан облысы аумағында жолда қалған 500-ге жуық жолаушыға көмек көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының бірқатар аймақтарында бұрқасын жел салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылған болатын. Оның ішінде, Түлкібас ауданының Жаскешу, Састөбе елді мекендерінен өтетін А-2 «Алматы – Ташкент» автомобиль жолының 593-654 шақырымына барлық автокөліктердің жүруіне шектеу қойылды. Түркістан облысының құтқарушылары, Түлкібас ауданының әкімдігі мен ауыл тұрғындары тарапынан аталған трассада қалған азаматтарды құтқару, жүргізушілер мен жолаушыларды ыстық тамақпен, ыстық сусынмен қамту жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар Сайрам ауданы аумағындағы «Батыс Қытай – Батыс Европа» халықаралық жол дәлізінде, «Машат» асуында тұрған жүк көліктері мен автобустағы жолаушыларға Жібек жолы, Қарабұлақ, Арыс ауылдық округінің тұрғындарының, мешіт имамдары, депутаттар, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың ұйытқы болуымен ыстық тамақтар мен ыстық сусындар, тіпті жатын орындар ұйымдастырылды. Аудандағы еріктілер жолда қалған әрбір көлікке ас жеткізіп беруде. Жолаушылар жергілікті әкімдік қызметкерлері мен ауыл тұрғындарына өз алғысын білдірді.
Автомобиль жолдарын қардан тазалау жұмыстарына арнайы техникалар мен қызметкерлер жұмылдырылып, жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті қолайсыз ауа-райында алыс жолдарға шықпауды ескертеді. Жолдардың жай-күйі туралы «Дәрмен» мобильді қосымшасынан білуге болады. Қар құрсауында жолда қалып қойған азаматтар 8-725-33-5-78-97, 102 жедел желілеріне хабарласа алады.