Бүгінгі таңда 29 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.
Биыл Түркістан облысында 78 мектептің құрылысы басталды. Ол үшін мемлекет қазынасынан 18,2 млрд. теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 2,3 млрд.теңге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы, 15,9 млр.теңге облыстық бюджеттен бөлінген. Бүгінгі таңда 29 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбайдың төрағалығымен өткен отырыста баяндалды.
Онда «Нұр Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: «Әр азаматқа лайықты өмір! атты саулауалды бағдарламасы бойынша мектеп нысандарының құрылыс жұмыстары мен аяқталуы және облыс аумағында спорт нысандарының пайдалануға берілуі туралы айтылды.
Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында - 1, Қазығұрт ауданында - 3, Жетісайда - 3, Мақтааралда - 5, Сарыағашта - 3, Келесте - 1, Сайрамда - 2, Ордабасыда - 1, Созақта - 2, Төлебиде - 2, Түлкібаста - 3, Шардарада - 1, Кентауда - 1, Түркістан қаласында 1 жаңа білім ұясы ашылды. Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің баяндауынша, жыл соңына дейін Жетісайда - 1, Мақтааралда - 3, Сарыағашта - 1, Созақта - 1, Төлебиде - 1, Бәйдібекте - 2, Ордабаста - 1, Түлкібаста - 2, Кентауда - 2, Төлебиде -1 мектепті пайдалануға беру бойынша жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар 2021 жылы 7 спорт нысанының құрылыс жұмыстарын жүргізуге 7,4 млрд. теңге қаржы қаралды. Қаражат «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы, «Жумыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы және млрд. теңге облыстық бюджеттен бөлінді. Жылдың қорытындысымен «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы Ордабасы ауданы Төрткөл ауылындағы спорт кешенінің құрылысы пайдалануға тапсырылды. Қалған 6 нысан келер жылға өтпелі.
Сондай-ақ күн тәртібінде өңірдің жыл басынан бергі макроэкономикалық көрсеткіштері, облыс бюджетінің игерілуі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің алдын алу шаралары мен тұрақтандыру жұмыстары туралы баяндалды. Маңызды мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жіті бақылауында.
Жылдық жоспар бойынша Түркістан өңірінде пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жалпы алаңы 800 мың шаршы метрді құрамақ. 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында Түркістан облысындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 252 млрд. теңгені құрады. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің мәлімдеуінше, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 607 млрд. теңгеден асты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 864 млрд. теңгені құрап, инвестиция көлемі 524,4 млрд. теңгеден асты.