Түркістан облысында суару маусымы сәтті аяқталды

0
308

Өңірдегі суармалы жердің жалпы көлемі 552 мың га болса, оның ішінде 332,5 мың га егіндік жерді ағын сумен «Қазсушар» қамтамасыз етеді.


Түркістан облысында суару маусымы сәтті аяқталды

«Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалы суару маусымында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз жиынын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалы суару маусымында атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз жиынын өткізді. Филиал директоры Бедебаев Қазыбектің айтуынша биылғы вегетациялық кезең сәтті аяқталған. Жалпы Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» РМК теңгерімінде республикалық 18 су қоймасы, 11 су бөгеті, ұзындығы 1299 шақырымды құрайтын 104 магистралды канал, ұзындығы 4482 шақырымды құрайтын 1790 шаруашылық және ішкішаруашылық аралық канал, 1208 тік дренажды ұңғыма және ұзындығы 3086 шақырымды құрайтын 408 қашыртқылар бар екен. Өңірдегі суармалы жердің жалпы көлемі 552 мың га болса, оның ішінде 332,5 мың га егіндік жерді ағын сумен «Қазсушар» қамтамасыз етеді. Филиал басшысының сөзіне сүйенсек, биыл егіндік жерлерге қажетті ағын су жеткізілген және шаруалар тарапынан шағым түспеген. Вегетацияға дайындық барысында облыс аумағындағы ұзындығы 560,96 шақырымды құрайтын 265 канал механикалық әдіспен тазартылса, 325 шақырымды құрайтын 30 канал шылаудан тазаланған.


«Түркістан облысы аумағындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жеткілікті мөлшерде су жеткіздік. Суару маусымында шаруа қожалықтарынан су жетіспеушілігі туралы шағымдар болған жоқ. Су тұтынушылардың сұранысы қанағаттандырылды. Сонымен қатар субсидия мөлшерін ұлғайту бойынша қабылданған шешімді шаруалар қуана-қуана қабыл алды. Мәселен, Жамантай Бейсенбаев атты диқан биыл 10 гектар мақталығына тамшылатып суару жүйесін орнатып, жаңа әдіс арқылы ағынсуды да, тыңайтқышты да бірнеше есе үнемдеді. Сондай-ақ, Су ресурстары комитеті және «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тапсырмаларына сәйкес, Түркістан облысы аумағында біршама құрылыс жүргізіліп жатыр. Олар – «Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының суару жүйесінің бірінші кезектегі магистралды арналарын қалпына келтіру және реконструкциялау»; «Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Найман» каналын реконструкциялау»; «ОҚО Бәйдібек ауданының Қапшағай су қоймасын реконструкциялау»; «Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Р-6 каналын реконструкциялау» және «Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Қазыналық» каналын реконструкциялау» жобалары», - деді филиал директоры.


Ресми мәліметке сүйенер болсақ, 1 қыркүйекке дейін филиалдың су нысандары арқылы өңірдегі 8 170 жеке шаруа қожалыққа қарасты 274 363 гектар егістікке келісімшарт негізінде ағынсу жеткізілген. Алынған ағын су көлемі 2 799,452 млн. текше метр болса, шаруаларға берілген ресурс көлемі 1 886,418 млн. текше метрді құраған.


Сондай-ақ, «Қазсушар» өкілі филиалға қарасты үлкен аумақты қамтитын магистралды каналдар арқылы суарылған жер мен алынған ағын судың көлемін мәлім етті. Атап айтқанда, «Достық» трансшекаралық каналы арқылы Жетісай мен Мақтааралдағы егістік жерге 944,752 млн. текше метр; «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы Шардара, Отырар мен Арыстағы 64 699 гектар егістік жерге 872,30 млн. текше метр; «Ал», «Зах», «Ханым», «ҮКМК» каналдары арқылы Сарыағаш, Қазығұрт пен Келестегі 57 749 гектар егістік жерге 500,09 млн. текше метр ағын су жеткізілген.

Бөлісу