ТҮРКІСТАН: Ордабасыда ауқымды жобалар атқарылып жатыр

0
543

Аграрлық сала аудан экономикасының қозғаушы күші.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда ауқымды жобалар атқарылып жатыр

Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев ауыл шаруашылық саласында атқарылып жатқан ауқымды жобалармен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аудан әкімі әуелі Темірланның іргесіндегі қарқынды алма және жеміс-жидек дақылын отырғызумен айналысатын «Казгарден» бау шаруашылығына барып, 60 гектарға егілген жеміс алқабын аралап көрді.


«Аграрлық сала аудан экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан ауыл шаруашылық саласындағы жаңа жобаларға, ауданға инвестиция салған жеке кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуіміз керек», - деді аудан әкімі өз сөзінде.


Бүгінде аталған шаруашылық 11 гектарға қарқынды алма, 49 гектар алқапқа сүйекті жеміс дақылдарын отырғызған. Жобаның инвестициялық құны 450 миллион теңгені құрайды. Мұнан бөлек, жеке кәсіпкер бау-бақша аумағын кеңейтіп, 2 миллиард теңгеге 240 гектарға бау отырғызуды жоспарлапты. Қазіргі таңда мұнда 4 адам тұрақты, 55 ауыл тұрғыны маусымдық жұмыспен қамтылған.


Одан соң аудан әкімі Бағлан Дәнебекұлы Бөржар ауылдық округіне қарасты «BalKausar» бау шаруашылығына барып, жүзімнің элиталық асханалық сортын өсіретін ұжымның болашақ жобаларына қанықты. Жаңа технологияны қолдану арқылы қысқа уақыт ішінде мол өнім алуды көздейтін шаруашылық әзірге 10 гектар алқапқа асханалық жүзім сортын жерсіндірген. Былтыр қыркүйек айында егілген жүзім көшеттері өсіп, жеміс берген жағдайда жылына 250 тонна өнім алынады деп жоспарланып отыр.