Мектеп оқушыларымен Ішкі істер органдарына қызметке кандидаттарды қабылдау бойынша қойылатын талабы мен тәртібі бойынша сұхбат жүргізілді.
Түркістан облысы полицейлері ордабасылық оқушылармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, оны жастарға түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру бойынша Түркістан облысы полицейлері мектептерде көптеп кездесулер өткізуде. Мәселен, Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан Ш.Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясында кездесу ұйымдастырылып, ІІО-на қызметке орналасу үшін қандай оқу орнына түсу керектігін аудандық полицейлер, оқушыларға жіті түсіндіріп өтті.
Іс-шараға Ордабасы АПБ-нің қызметкерлері, мектеп директоры мен мұғалімдері, сондай-ақ мектептің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында полицейлер, жастарға «болашақта полицей болу үшін бірінші кезекте шыдамдылық пен қайсарлық қажет екенін түсіндірді. ІІО қызметкерлеріне бүгінгі таңда барлық жағдай жасалғандығы айтылды. Сондықтан ел мен жердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тыныштықты сақтауда белсенділік танытуға шақырды.
Келелі кездесуде, мектеп оқушыларымен Ішкі істер органдарына қызметке кандидаттарды қабылдау бойынша қойылатын талабы мен тәртібі бойынша сұхбат жүргізілді. Болашақта полицей болғысы келетін оқушылардың сұрақтарына толық жауап беріліп, ашық әңгіме өрбіді. Тәртіп сақшылары қатарында жас, білімді, тәртіпті мамандарға қашанда орын табылатындығы атап өтілді.
Қазіргі таңда жастар арасында орын алып жатқан қылмыстарды болдырмау, жолын кесу аясында елдің нағыз жанашырлары мен патриоттарын, болашақ тәртіп сақшыларын тәрбиелеудегі осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.