ТҮРКІСТАН: Ордабасыда профиль өндіретін зауыт ашылады

0
647

Зауыттың құрылысымен танысқан өңір басшысы кәсіпкерлермен пікірлесіп, мемлекеттен тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда профиль өндіретін зауыт ашылады

Ордабасы ауданында алюминий профильдерін өндіретін зауыт ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына іссапармен барды. Сапар барысында өңір басшысы алюминий профиль бұйымдарын шығаратын «GOLD ALUMINIUM» ЖШС-інде болып, жұмыс барысын бақылады. Зауыттың құрылысымен танысқан өңір басшысы кәсіпкерлермен пікірлесіп, мемлекеттен тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.


«Инвесторларға қолдау көрсетіледі. Әр жобаны жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқару керек. Аудан, қалалардағы жобалар іске асса, облысымыздың экономикасының дамуына үлес қосады деп үміттенімін», – деді өңір басшысы.


Жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна. Жоба «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан. 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында мемлекеттік қабылдаудан өтіп, іске қосылған. Газ құбырына қосылуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан техникалық шартты осы жылдың маусым айында алып отыр. Инвестициялық құны 3 млрд. теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз қаржысы есебінен жүргізіліп, биыл мемлекеттік қабылдаудан өтті. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Зауытта боялған және боялмаған алюминий профильдері шығарылады.


Айта кетейік, «Gold Aluminium» зауыты – еліміздегі әртүрлі мақсаттағы алюминий профильдерін және одан жасалған бұйымдарды шығаратын компаниялардың арасында көшбасшы.


Сапар барысында облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «KAZ KIOTI» ЖШС-інде болып, ауылшаруашылық техникасын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Жоба құны – 7,2 млрд. теңге. Жылына 2000 дана техника шығаруға қауқарлы кәсіпорында 50 адам қызмет етеді. 2015 жылы салынған зауыт «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Компанияның серіктестері – ауылшаруашылық техникасының әлемдегі жетекші өндірушілері. Олар: «DongFeng» және «WUZHENG». Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт трактордың 5 түрін жинап шығаруда. Қосалқы 3 және 4 корпусты соқа (плуг) шығарып жатыр. 2023 жылы 200 трактор жиналып, оның 175-і сатылды. «KAZKIOTI» компаниясы арнайы лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама шарттары бойынша 15 пайыздан бастап алдын ала төлем жасалады. Лизинг мерзімі 3 жылдан 10 жылға дейін.


Дархан Сатыбалды кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, индустриалды аймақтарда осындай жобаларды көбейтуді тапсырды. Инвестициялық штабта жобаларды талқылап, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.