Ордабасылық кәсіпкер несие алып өз кәсібін өркендетті.
Ордабасыда тігін шеберханасын ашқан азамат мемлекеттік "Еңбек" бағдарламасымен 5 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталмыш бағдарламаға қатысып өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтың бірі - ордабасылық Мейрамбек Тұрымбет. Ол 2006 тігін шеберханасын ашып, 2009 жылы 3 млн. теңге несие алып, тігін машиналарын жаңартқан.
"Жұмыспен қамту" бөлімінен 3 айлық тігін курсынан өткен 5 қызды алып отырмыз. Қыздар оқып-үйреніп келді, қазір жақсы тігіп жатыр. Өзім пішуші болып жұмыс істеймін. Осы қыздарға қырқып беремін, ары қарай өздері алып кетеді. Біз кешкі көйлектер, ұлттық киімдер, мектеп формаларын, мұғалімдер формасын тігеміз. Жалпы жағдайымыз жақсы", - дейді ол.
Бүгінде "Мейрамбек" тігін цехтің өнімдеріне деген сұранысы жоғары. Ондағы жұмысшыларға бүгінде 50 мың теңге жалақы төленіп отыр. Ұсыныстар келіп түсіп жатса жалақыны да көтеруді жоспарлап отыр.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 194,036 млн теңге бөлініп, 4181 адамды қамтуды жоспарлаған. 6 айдың қорытындысы бойынша 3898 адам бағдарлама қатысушысына әлеуметтік қолдау көрсетілген.