21 сәуір – Рамазаннан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні болып есептеледі.
Түркістан қаласында Рамазан айында 500-ден астам отбасы қайырымдылық шараларының шарапатын көрген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін елімізде үш күндік Ораза айт мерекесі басталады. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, қайырымдылықтың мейрамы саналады. Сондай-ақ, 21 сәуір – Рамазаннан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні болып есептеледі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының бас имамы Мухамеджан Жумадуллаев мәлімдеді. Сондай-ақ бас имам Рамазан айындағы қайырымдылық іс-шаралары және Ораза айт намазының уақыты жайында баяндады.
Спикердің сөзінше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміз бойынша мешіттерде оқылатын айт намазының кестесін жариялады. Биыл Түркістан облысы бойынша Ораза айтының намаз уақыты таңғы 07:30-ға белгіленген.
«Барша мұсылман баласын ұлық мерекеміз – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Ораза айт – әлем мұсылмандарын бірлікке, жақсы істердің ұйытқысы болуға шақыратын мейрам. Қасиетті рамазан айында ұстаған 30 күн оразаларыңыз қабыл болсын. Түркістан қаласында Рамазан айында 562 отбасыға азық-түлік үлестіріліп, жағдайы төмен отбасыларға 6 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 27 мешітте күнделікті 100-150 адамға, бір айдың көлемінде орташа есеппен 4200 адамға жомарт жандардың демеушілігімен ауызашар берілді. Бұдан бөлек, күні кеше ғана облыс орталығында «Өткенге құрмет, тіріге міндет» деп аталатын шара аясында қаладағы барлық мазараттарға тазалау жұмыстары жүргізілді. «Бұл дегеніміз, дүниеден өткендерге көрсеткен құрметіміз болып саналады, бір жағынан Ораза айт намазынан кейін мазарларға құран бағыштауға келетін адамдар үшін таза тұру ниетінде атқарылды», - деді қаланың бас имамы.
Сондай-ақ, брифинг барысында бас имам пітір садақаны айт күні таң атқан соң айт намазын оқымай тұрып беру керектігін айтты. Алайда, пітір садақаны Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беруге болады.