Облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.
Сарыағаш ауданының әкімі дәрігерлік амбулаторияның және фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.
Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт. Сол сияқты «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында да медициналық нысандар салынуда. Осы ретте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, Жылға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның және Шымырбай елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алдымен аудан басшысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бастау алған Шымырбай елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарын саралау барысында мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарын жоспарға сәйкес мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда, ғимараттың қабырғасы қаланып, ішкі бөлу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында жалпы 8 жұмысшы жұмыс атқаруда. Келесі кезекте аудан әкімі Жылға елді мекенінде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, мердігер мекеме өкілімен кездесті.
Бүгінде мердігер мекеме тарапынан ғимараттың қабырғасын қалау, сонымен қатар арнайы плита жабындысы жабылуда. Жалпы 11 жұмысшы құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған.
Құрылыс алаңында болған аудан әкімі медициналық нысанының ауыл үшін маңызы зор және оның сапалы салынуы басты шарт екенін айтып өтті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертіп, тиісті бөлім басшысына осы жұмыстарды үнемі назарда ұстауды жүктеді.