ТҮРКІСТАН: Сауран ауданында 254 инвестициялық жоба іске асырылады

0
257

4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.


ТҮРКІСТАН: Сауран ауданында 254 инвестициялық жоба іске асырылады

Сауран ауданында биылғы жылдың 9 айында аудандағы жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен асып түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Сауран ауданының құрылғанына 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде тарихы терең мекеннің жаңа келбеті қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келеді. Атап айтқанда, биылғы жылдың 9 айында аудандағы жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен асып түскен. Өңірлік өнімнің 75 пайызы ауыл шаруашылығы, 11,6 пайызы өнеркәсіп, 10,3 пайызы құрылыс және 3,1 пайызы сауда саласының үлесінде. 9 айда ауыл шаруашылығы саласында 59 млрд. теңгенің және мал шаруашылығы саласы бойынша 47,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар агросекторға 13,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, 6 ірі жоба іске асырылған. Бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамыту мақсатында бордақылау алаңдарын салу үшін Иассы, Үшқайық және Оранғай ауылдық округтерінен жер телімдері бөлініп жатыр екен. Аудан аумағындағы 342 гектар алқапқа тамшылатып суару және 1090 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясы орналастырылған. Оған қоса «JMJ AGRO» ЖШС Шорнақ ауылдық округіндегі 300 гектар жерге жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатып жатса, «Ақ Сауран» ЖШС желтоқсан айынан бастап 700 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғыларын ендіре бастайды. Сонымен қатар биыл дақылдардың өнімділігін арттыру бағытында ЖК «Датқа» Қытай Халық Республикасының «Чжунхорун» компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару технологиялары арқылы 133 гектарға мақта дақылын еккен. Тиісінше заманауи технология әр гектардан 60 центнер өнім алуға мүмкіндік сыйлап отырған көрінеді. Ал келер жылы жаңа технологияларды 2500 гектар алқапқа орнату жоспарланған. Бұл туралы және Саурандағы өзге де жұмыстар жайында баспасөз жиынын өткізген аудан әкімі Мақсат Таңғатаров айтты.


Аудан басшысының айтуынша, 9 айда өнеркәсіп саласында 9,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның 6,2 млрд теңгесі өңдеу және 413,6 млн. теңгесі тау кен өндіру салаларына тиесілі. 2024 жылдың 9 айында ауданға 42,2 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, оның 31,5 млрд. теңгесі жеке инвестиция болып саналады. Сәйкесінше, осы уақытқа дейін өңдеу өнеркәсібі мен әлеуметтік сала бойынша 21 инвестициялық жоба іске қосылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген «2024-2030 жылдарға арналған ауданның әлеуметтік-экономикалық даму» жоспарына сәйкес, ауданды негізгі 3 бағыт бойынша дамыту жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларын дамытуға басымдық берілмек. Аталған жоспар аясында 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жоба іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық құны 116,1 млрд. теңгені құрайтын 68 ірі жобаны жүзеге асырып, өнім көлемін 160 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал өнеркәсіп саласында құны 53,1 млрд. теңгені құрайтын 85 жоба қолға алынбақ.

Бөлісу