500-ге тарта бүлдіршін мен ата-аналар қатысты.
Созақта балалардың мерекесі сән-салтанатымен аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында балдырған балалардың мерекесі кең көлемде, сән-салтанатымен аталып өтті. Ауыл ішіндегі «Астана» саябағы мерекеге сай безендіріліп, шараға 500-ге тарта бүлдіршін мен ата-аналар қатысты.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов шараға жиналған жұршылықты мерекемен құттықтап, аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлының ыстық ықыласын жеткізді. Ауылдық округте білім мен спорт саласы бойынша облыстық, республикалық сайыстарда жетістікке жеткен оқушыларға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Рыскелді Сапарбаев және “Бақ-Нұры” іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұржамал Майусова ізігі тілектерін арнап, шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Балаларды ерекше әсерге бөлеген мерекелік шара ашық аспан астында сурет салудан басталды. Балалар асық ату мен тоғызқұмалақтан өзара сынға түсіп, ұлттық спорт ұлықталды.
40 жылдық тарихы бар Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Балаларға бақыт сыйлайық» атты мерекелік бағдарламасын тарту етіп, «Шымкент-цирк» өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Қуыршақтар шеруі мен балаларға арналған интерактивті ойындар жас бүлдіршіндерді қуанышқа кенелтті. Дәстүрлі әндер орындалып, шара аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты. 500-ге тарта балаға балмұздақ таратылып, құрмет көрсетілді.