ТҮРКІСТАН: Төлебидегі тазалық жұмыстарына 1200-ге жуық адам қатысты

0
394

Іс-шара ауданның 55 елді мекен, 500-ден астам көшелерінде ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Төлебидегі тазалық жұмыстарына 1200-ге жуық адам қатысты

Төлебиде тазалық жұмыстарына 1200-ге жуық адам атсалысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгін тұрғындардың, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысан иелері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен тазалық шарасы өтті.


Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаның тазалығына сақтауға бағытталған іс-шара ауданның 55 елді мекен, 500-ден астам көшелерінде ұйымдастырылды. Жалпы аудандық тазалық шарасына 1200-ге жуық тұрғын қатысты.


Өз ауласынан бастап, тұрғын үй аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартқан аудан халқы көше бойын, жол жиегін, арық-атыздарды ретсіз шашылған қоқыстардан арылтты. Қураған ағаш бұтақтарын кесіп, жол жиегіндегі шөптерді орды.


Сенбілік жұмысына тұрғындармен бірге аудандық мәслихат депутаттары да атсалысып, халықпен тілдесіп, қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық акцияны қолдауға шақырды.


Сондай-ақ аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 434-2-бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау», және 505 бап «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» фактілеріне сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды.


Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың тапсырмасына сәйкес, аптаның әр жұма күні тазалық шарасына арналды. Сенбілік нәтижесінде, арнайы техника көмегімен 20 тоннадан астам қоқыс арнайы орынға жеткізілді.