2021 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті.
Аталмыш жиынға кеңес төрағасының орынбасары, қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Шәріпбек Жамалбек, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева, дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сүндет Жүсіпбек, қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тәжімұратов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Күміскүл Мирова және облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары-кеңес мүшелері қатысты.
«Бүгінгі таңда облыстағы үкіметтік емес сектор қоғамның ықпалды күшіне айналды, қоғамның өміршең проблемаларын шешуде билікке әріптес бола алатындай дәрежеге жеткені айқын. Бұл біздің облыста демократиялық процестердің дамуының, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге тарту бағытындағы шараларды жүйелі түрде жүзеге асырылуының нәтижесі», - деді жиынды ашып, жүргізіп отырған қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев.
Күн тәртібіндегі мәселелерге сай жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Күміскүл Мирова, қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тәжімұратов, дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сүндет Жүсіпбек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2021 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Сонымен қатар, жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Шәріпбек Жамалбек, «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Шалтанов, Республикалық «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев, «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбековтер сөз алып, өңірдегі құрылған комиссиялар құрамына үкіметтік емес сектор мүшелерін қосу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру қағидаларын жеңілдету сияқты мәселелер төңірегінде өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін айтты.