Көрме «18 мамыр – Халықаралық музейлер» күніне және Әлкей Хақанұлы Марғұланның 115 жылдығына орай ашылды
Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт
министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің
ұйымдастыруымен «18 мамыр – Халықаралық музейлер» күніне және көрнекті
ғалым-шығыстанушы, әдебиеттанушы, Қазақстан археологтарының ғылыми мектебінің
негізін салушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның 115 жылдығына орай «ҰЛТТЫҚ
АРХЕОЛОГИЯНЫҢ САРДАРЫ - ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шараға республикаға аты әйгілі ғалым-археолог, білікті ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері - Нұртаза Алдабергенов пен өзге де белгілі ғалым, археологтар, музей қызметкерлері мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
-"Әлкей Марғұлан - Қазақстандағы археология мектебін құрушы.
Ол тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер және металлургия
саласына қатысты 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстарын, 100-ден аса
энциклопедиялық мақалалар жазған. Сонымен қатар, қазақстандық этнографтардың,
археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлап артында өшпес із қалдырды.
Өздеріңіз көріп отырғандай сегіз қырлы, бір сырлы тарих тұлғасының тәлімін
алған шәкірттері де бүгінгі таңда ұстазға айналды. Оған дәлел ретінде бүгінгі
жиынға қатысып отырған Нұртаза Алдабергенов, Марат Тұяқбаев ағаларымызды айта
аламыз. Әлкей Марғұланның ізденіске толы еңбегі Қазақстанның әлемге беймәлім қалалары
мен тарихын паш етіп, назарын аударды. Көне дәуірлердегі қазақ жері
археологиялық қазба жұмыстары арқасында қайта өмірге келді",-деді
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры
Нұрболат Ахметжанов.
Салтанатты шарада Әлкей Марғұланның шәкірттері Нұртаза Алдабергенов, Марат
Тұяқбаевтар ілімге толы ұстаз өнегесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, ақындық
қырына да тоқталды. Осы орайда, Нұртаза Алдабергенов қазақ басылымдарында жарық
көрген Әлкей өлеңдерін қорық-музей қорына табыстады.
Жиынға қатысушылар көрме экспозициясынан белгілі ғалым Әлкей Марғұланға қатысты
кітаптар, ғылыми еңбектер, баспа өнімдері және фотосуреттер мен археологиялық
қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлерді тамашалады.
Атаулы шараның экскурсиясын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени
қорық-музейінің ғалым - археологы Марат Қымызұлы Тұяқбаев жүргізді.
Дереккөз: "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі