Алдағы уақытта «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Түркістан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістанға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әлиқұлов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында өңір тұрғындарымен кездесті. Келелі жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, орталық мемлекеттік орган басшылары халықпен кездесуі жоспарланған. Біздің басты міндетіміз – Министрліктің атқарып жатқан жұмысы туралы, негізгі бағыттарымыз туралы баяндап, сіздердің сұрақтарыңызға жауап беру. 2029 жылға дейінгі Мәдени саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудан бастадық. «Мәдениет туралы» заңға кезең-кезеңімен өзгерістер мен толықтырулар енгізу – бұл уақыт талабы. Сонымен бірге, қоғам көтеріп жүрген басқа да өзекті дүниелер бар. Оның ішінде – мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік статусынан бастап, сахнада фонограмманы пайдалану, авторлық құқық, тағы басқа бар. мәдениет ешқашан саясаттың құралы, ешқандай саяси лозунгтар мен ұрандардың жетегінде болмауы тиіс. Ал бұл мәселені біз тек бірреттік шешімдермен емес, барлығына түсінікті заң шеңберінде реттеуіміз керек»,– деген вице-министр «Urker», «Тұмар» Ұлттық сыйлықтары мен «Astana media week» медиа-апталығына қатысуға Түркістан облысының өкілдерін шақырды.
Алдағы уақытта «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады.
«Қазақфильм қатардағы киностудия емес, бұл біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Сондықтан да оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз ететін боламыз» деді Ербол Шымкентбайұлы.
Сонымен қатар, архив саласын да түгелдей цифрландыру жұмысы жүргізілмек. Музей-қорықтардың ұлттық маршрутын мәдени-рухани мазмұнмен күшейту көзделуде. Креативті индустрияны қолдау шаралары пакеті де әзірленіп жатыр. Отандық әдебиетті қолдау және ұлттық мәдениетті шетелде насихаттау мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Мемлекет басшысының жарлығымен отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру, оның құндылығын толықтыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Ақпараттық доктрина бекітілген. «Масс-медиа» туралы заңы аясында журналистердің мәртебесі артып, мемлекеттік ақпараттық саясат жетіле түспек. «Онлайн-платформа және онлайн-жарнама» туралы заңының талаптарына сәйкес, жалған ақпаратты таратуға қатысты жауапкершілік көзделген.
Министрлік отбасы құндылықтарын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Өткен жылдан бастап күнтізбеге Әкелер күні мен Аналар күні қосылды. Елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында конкурсқа 20 мыңнан астам үлгілі отбасы қатысты. Сонымен қатар министрлік тарапынан жастар саясаты саласында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жастарды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу мақсатында «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары іске асырылуда. Жалпы биылғы жылы өңірлік бөліністе Түркістан облысы жастар саны бойынша 2-ші орында.
Дін саласындағы уәкілетті орган ретінде министрлік діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс жүргізеді. Түркістан өңірінде барлық діни бірлестіктердің еркін жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасалынған. Оның дәлелі, өңірдегі 800-ге жуық діни бірлестіктердің қызметінен байқауға болады. Этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру міндетін облыстық Ассамблея жанындағы 6 қоғамдық құрылым жемісті атқарып келеді. Өңірде этносаралық қатынас саласына қатысты 34 жоба жүзеге асырылады.
Жиынға қатысушылар түйткілді мәселелерді ортаға салды. Залдағы азаматтар көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесуден соң азаматтарды өзекті мәселелер бойынша жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, сауалдарға жауап берді. Вице-министр көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, әрі қарай жұмыс жалғасатынын жеткізді.