Департамент биыл 1 сәуірден бастап реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін лицензиялардың қолданылуын тоқтатты.
Түркістан облысында биыл заңды тұлғалар үшін электр энергия тарифі 12,4%-ға төмендетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды алып тастау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 2024 жылғы 1 мамырдан бастап заңды тұлғалар үшін электр энергия тарифі 12,4%-ға төмендетілді. Бұл жайында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Думан Қалибеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Департамент биыл 1 сәуірден бастап реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін лицензиялардың қолданылуын тоқтатты. Тарифті төмендетудің алғышарты - тұтынушылардың электр энергиясын кепілді жеткізушіге ауысуы болды. Бұл тиісінше тарифтің өзін төмендетуге әсер етті. Электрмен жабдықтау қызметтерін үздіксіз алу үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының заңды тұлғаларына «Энергопоток» ЖШС-мен тиісті шарт жасасу ұсынылады», деді спикер.
Сонымен қатар, департамент басшысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Департамент 2 табиғи монополия субъектісімен бірқатар келісімге келген. Оның бірі - «Кентау Сервис» МКК-мен жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметі бойынша 5 жылдық шекті тарифтер бекітілген. Ал, екінші нысан - «Түркістан су» МКК үшін су құбыры желілері мен өрт сөндіру гидранттарын жөндеуге 161 млн 637,23 мың. теңге бекітілген.