ТҮРКІСТАН: Жаңа кодексте судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар берілген

0
1 152

Алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.


ТҮРКІСТАН: Жаңа кодексте судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар берілген

29-маусым 2020 жылы Президент қол қойған Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Заңгерлердің мәлімдеуінше, жаңа кодексте судьяға жана өкілеттіктер мен құқықтар берілген, яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

«Алдыңғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмеген болатын, судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес еді. Іске төрағалық етуші судья берілген талап-арыздың қателігін түзету туралы талапкерге ұсыныс жасай алмауы себепті қабылданған шешімдер шағымдану сатыларында бұзылып немесе өзгертіліп жататын еді, ал жаңа Кодекске сәйкес істі жан-жақты әрі әділ шешім қабылдау үшін іске төрағалық етуші судьяның белсенді рөлі болады»,-дейді Республикалық адвокаттар алқасының, Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Келес аудандық заң консультациясының меңгерушісі, адвокат Бейсенов Артыкбай.

Айтуынша, жаңа кодекс жеке адам мен заңды тұлғаның мемлекеттік органға немесе лауазымды иелеріне қарсы өзінің құқықтарын дұрыс қолдануына жақсы мүмкіндіктері болады. Өйткені өзінің құқығы бұзылды деп санаған жеке азаматтар қоғамда туындаған даулардың кейбіреулеріне келіспей, лауазым иелерінің іс-әрекеттерін даулап, қабылдаған шешімдерімен келіспестен шағым түсіріп жатады.

«Көп жағдайларда азаматтар өз құқықтарын сотта жоғары деңгейде қорғай алмайды, өйткені лауазым иелерінің іс-әрекеттері азаматтық- процестік заңдары аясында қаралғандықтан, азаматтық-процестік заңнаманың талабына сай тараптар тең болып танылады. Ал, жеке азаматтардың арнайы заңгер маманы болмағандықтан, тараптар тең деген түсінік бойынша мемлекеттік органдар дауды қарау бойынша тиісті орындарға қатысу үшін өздерінің заңгерлерін жібереді. Қаралып отырған даулар бойынша заңгер мен жеке адамдардың мүмкіндігін салыстыру қиын, өйткені қарапайым азамат пен заңгер арасында теңсіздік туындайды. Жеке азамат заң талабына сай әр тарап өз дәлелін сотта дәлелдеу құқығын жүзеге асыра алмауы мүмкін. Жаңа кодекс жаңа жетістіктерге жетелей берсін!», - дейді Республикалық адвокаттар алқасының, Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Келес аудандық заң консультациясының меңгерушісі, адвокат Бейсенов Артыкбай.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі төрт бөлімнен, яғни жалпы бөлім, Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, Әкімшілік рәсім және Әкімшілік сот ісін жүргізуге арналған. Кодекс жиырма тоғыз тараудан және бір жүз жетпіс бес баптан тұрады.