Мекеме басшыларына хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 512 млн теңгеден астам қаржыны үнемдеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша 8 айдың қорытындысын баспасөз жиынында баяндады.
Брифинг барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық пен ашықтық қағидаттарын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстар айтылды.
Соңғы 8 айды қорытындылаған Ғабит Өмірәліұлы өз сөзінде жыл басынан бері облыс бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 870 мыңға жуық адамды қамтыған 1 762 түрлі бағытта іс-шаралар өткенін айтты. Сондай-ақ, департамент онлайн форматта өткен «Antikor Live» жобасы аясында 456, ал «Adal Komek» жобасы шеңберінде 675 тікелей эфир ұйымдастырған.
Спикер брифингте ағымдағы жылдың 8 айында сегіз мекеменің қызметінде сыртқы талдау және 9 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілгенін мәлімдеп, мемлекеттік мекемелердің сатып алу мониторингі нәтижесінде 512 млн теңгеден астам қаржы үнемделгенін жеткізді.
Бұған қоса, талдау нәтижесімен Департаменттің ұсынысы негізінде ҚР ӘҚБтК-ның 425 бабы 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген мекеме басшысына хаттама толтырылып, 230 айлық есептік көрсеткіш (670 910 теңге) көлемінде айыппұл салынғанын және 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын тілге тиек етті.