Жетісай ауданында мақта егу жұмыстары қарқын алды.
Биыл Түркістан облысы Жетісай ауданында 40 мың гектардан астам жерге мақта егіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазірдің өзінде шаруалар 33 мың гектар жерге ақ алтын дәнін сеуіп үлгерді. Енді 4-5 күннің аралығында аудандағы мақта егу науқаны толығымен аяқталады деп күтілуде. Ауданға қарасты 2 ауыл округінде мақта егу жұмыстары толығымен аяқталды. Соның бірі – Атамекен ауыл округінің диқандары биыл 5400 гектарға мақта дақылын егіп бітірді. Ал Ж. Ералиев ауыл округінің шаруалары 2650 гектарға ақ алтын дәнін сеуіп науқанды алғашқылардың бірі болып аяқтап отыр.
Жалпы, Түркістан облысы Жетісай ауданында бүгінде 178 мыңнан астам халық тұрады. Халықтың негізгі күнкөрісі - ауыл шаруашылығы. Яғни ауданда мақта дақылынан бөлек, бақша, көкөніс, жеміс-жидек және ерте көктемгі дақылдар өсіріледі. Биылдың өзінде аудан шаруалары 77 мың гектар егістік жерге егін егіледі деп болжамдануда. Оның шамамен 45 мың гектарын мақта дақылы құрайды деп күтілуде.
Бұдан бөлек, ауданда 15813 гектарға жуық егістік жерге бақша дақылдары егілді. Атап айтсақ, 8771 гектарға ерте егілген пленкалы қауын, 4135 гектар жерге қарбыз дәні себілген. Бұдан бөлек, 742 гектарға ашық қауын мен 165 гектарға қарбыз отырғызылған.
Аудан шаруалары ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру мақсатында соңғы жылдары мақта егістігінің көлемін едәуір азайтуға күш салуда. Яғни, ерте көктемгі қырыққабат, баклажан, балғар бұрышы секілді дақылдарды көптеп өсіруге бейімделуде. Бұл өз кезегінде сәуір айының ортасында алғашқы өнім алып, көл-көсір пайдаға кенелуге болады деген сөз. Сондай-ақ, бұл үрдіс бір жерден екі рет өнім алуға өзіндік септігін тигізеді.
Айта кетейік, жетісайлықтар биылғы жылдың ерте көктемінде 1022 гектар алқаптан 35816 тоннаға жуық қырыққабат өнімін алды.